Қызылордада тағы төбелес: оқушы ауруханаға түсті

Мәлімет бойынша, оқиға 10 сәуір сағат 17:35 шамасында облыс орталығында болған, деп хабарлады Caravan.kz медиа-порталы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полицияға қала аумағындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында екі жасөспірім арасындағы төбелес туралы хабар түсті.

«Төбелестен біреуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының (бұзақылық) бойынша полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаға байланысты күдікті жасөспірім Қызылорда қалалық полиция басқармасына жеткізіліп, ата-анасына тапсырылды», – деді облыстық полиция департаменті.

Одан бөлек оқиғаға байланысты Қызылорда қалалық білім бөлімі түсініктеме берді.


«Облыс орталығындағы «Ақмешіт» шағынауданында №136 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы мен №9 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы арасында ерегес туындаған. «Орда» колледжінің студенті №136 мектепте оқитын інісіне жақтасып жарақат алған жасөспірімге әлімжеттік көрсеткен», – делінген хабарламада.