Қызылордада Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне ат бәйгесі өткізілді

Оның мақсаты - ұлттық спорт түрлерін бұқара арасында кеңінен насихаттау, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу. Ат жарысқа «Қазгермұнай» компаниясы бас демеушілік көрсетті.

Ат спортының 4 түрі бойынша да көрермен үшін қызыққа толы болды. Бәйге ежелден ата-бабамыздың қанына сіңген, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық спорт түрі. 25 шақырымдық аламан бәйге, 17 шақырымдық тоқ бәйге, 11 шақырымдық құнан бәйге және 6 шақырымдық тай бәйге бойынша өткен бұл жарысқа Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан 64 спортшы қатысты.

Аламан бәйгеде 1-орынды Дидар Күрішбаев (Қызылорда), 2-орынды Талғат Ғани (Шиелі ауданы), 3-орынды Ескендір Арыстанбеков (Қызылорда) баптаған сәйгүліктер жеңіп алды.

Тоқ бәйгеде 1-орынға Самат Ғалым (Алматы обл, Ұзынағаш ауылы), 2-орынға Алтынбек Асылбеков (Шиелі ауданы), 3-орынға Бағжан Жарылқапов (Шиелі ауданы) орналасты. Ал құнан бәйгеде Шахмардан Қалмақовтың (Қызылорда), Дидар Күрішбаевтың (Қызылорда), Талғат Ғанидың (Шиелі ауданы) қосқан құнандары топ жарды. Бұдан соң тай жарыс орын алды. Онда 1-орын Айдархан Нұрбосынға (Жамбыл облысы, Құлан ауданы), 2-орын Айбек Ақбаровқа (Қазалы ауданы, Сарбұлақ ауылы), 3-орын Қайрат Дәулетке (Қазалы ауданы, Сарбұлақ ауылы) бұйырды.

Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталса, аламан бәйгеде бірінші орынды иеленген Дидар Күрішбаевқа жеңіл автокөлік сыйға тартылды.