Алайда Е.Қуандықовтың айтуынша, "санитарлық дәрігерлер үшін бойды босқа салатын мерзім әлі жеткен жоқ". 2004-жылғымен салыстырғанда ауыр ішек инфекцияларының саны азайғанымен, бұл көрсеткіш жалпы республикалық орташадан 39 процентке артық. Вирусты гепатит індетіне қатысты күрделі ахуал сақталып отыр. Облыста бұл дертке шалдығу деңгейі әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 58,1 жағдайдан 82,5-ке дейін өсті.
Е.Қуандықовтың айтуынша, аймақтағы ауыз су тауқыметі әлі жойылған жоқ. 2004-жылы орталықтандырылған су қамтамасыздығы жүйесінен жіберілетін су сапасының сәйкессіздігі 4,8 процентті құраса, 2005-жылы бұл 6 процентке жетті. Ауыл тұрғындары көп жағдайда ашық су қоймаларындағы суды тұтынуға мәжбүр. Егер еліміздегі әрбір ауыл тұрғынының үлесіне тәулігіне 125 литрден су келсе, Арал өңірінде бұл сан 10 есе аз.