Қызылордада Жалаңтөс Баһадүр бабаның ескерткіші ашылды

Алдымен театрландырылған көрініс көрсетілді. Даңқты қолбасшыға ескерткіш орнату туралы шешім Қызылорда облыстық мәслихатының 2008 жылғы 28 наурыздағы сессиясында қабылданған еді. Ол 2008-2010 жылдарға арналған «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасы аясында жүзеге асты. Ал 2009 жылдың маусым айында республикалық және облыстық баспасөз беттерінде Жалаңтөс Баһадүрге орнатылатын ескерткіштің ең үздік жобасына ашық конкурс жарияланды. Конкурсқа 7 жоба түсті. Олар республикада орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссияда қаралып, арасынан мүсінші Н.Далбай мен сәулетші Қ.Жарылғаповтың жобасы таңдап алынды.

2009 жылы бағдарлама аясында облыстық бюджеттен 2600,0 мың теңге қаржы бөлініп, «КазАрхСтрой» құрылыс-жобалау фирмасы жобалық-сметалық құжаттарын дайындады. 2010 жылдың наурыз айында ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес ескерткішті жасау және орнату жұмыстарына ашық конкурс жарияланып, «Астана-Сәулет» жобалау фирмасы» ЖШС жеңімпаз болып танылды.

Жалпы, құрылысқа 58791,0 мың теңге қаржы бөлінді. Ескерткішті орнатуға жалпы 2 гектар жер телімі бөлінді, оның 754 шаршы метрі құрылыс ауданы, 11387,0 шаршы метрі көгалдандыру аумағы, 8316,0 шаршы метрі төсем аумағы, 60 м/м ескерткіш кешеннің автотұрақ көлемі. Платформасы 1,8 метр, ескеркіштің платформасы 5,6 шаршы метр, екі жақтағы қабырғасының ұзындығы 44 метр, ескерткіштің ұзындығы 6,2 метр, ені 4,5 метр болады.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде алғаш болып сөз алған облыс әкімі Болатбек Қуандықов облыс халқын Айт мерекесімен қатар келген Баһадүр бабаның ескеткішінің ашылуымен құттықтады. Ескерткіштің ашылу рәсімінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, академик Кенжеғали Сағадиев, ҚР Президенті әкімшілігі жанындағы саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Ахметов, «Жалаңтөс Баһадүр» қоғамдық қорының төрағасы Ыдырыс Қалиев сөз сөйледі.