Қызылордада жанар-жағар май бекетіне шабуыл жасағандар ұсталды

Оқиға биылғы 12 қараша күні сағат 04:40 шамасында «Ақмешіт» шағын ауданында орналасқан «Гелиос» жанар-жағар май құю бекетінде орын алған еді. Осында бетперде киіп алған белгісіз екі адам кіріп келіп, бекет кассасы қасында қорапқа салынған 780 778 теңге ақшаны алады. Кетіп бара жатқан сәтінде алдарынан шыққан кассир И.Нұртазаевтың кеуде тұсынан белгісіз атыс қаруымен атқан. Нәтижесінде зардап шегуші оқиға орнында қайтыс болған.

Аталған дерек бойынша Қызылорда қалалық ішкі істер басқамасы Қылмыстық кодекстің 96-бабы 2-бөлігі «ж, з» тармағымен (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы қарақшылықпен ұштасқан кісі өлтіру), 179-бабы 2-бөлігі «а, г» тармақтарымен (адамдар тобының аладын ала сөз байласу бойынша қару ретінде пайдаланатын заттарды қолданумен жасалған қарақшылық) қылмыстық іс қозғалған.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде аталған аса ауыр санаттағы қылмысқа қатысы бар деген негізбен күдікті 3 адам ұсталып, олардың аталған қылмысқа қатыстылығы тергеу барысында жинақталған нақты дәлелдемелермен бекітілді. Іс бойынша айғақ заттар алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.