Мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан тағы бір тұрғын үй опырылып түсті. 5 қабатты ғимарат бой көтеруі тиіс мына жерде қазір крандар ғана тұр. Құрылыс нысаны қаңқасын құрастырып жатқанда-ақ іргетасы ұстамай, қирап қалған. Салдарынан ішінде жұмыс істеп жүрген Өзбекстанның 40 жастағы азаматы жан тапсырды. Тағы екі жұмысшы жараланып, ауруханаға түскен.
Жасұлан Шынтасов, Қызылорда облыстық жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығының бастығы:
- 5 қабатты ғимараттың 3-ші қабатына келгенде тиісті құрылыс заңдылықтары сақталмауына байланысты деген болжам бар.
«Шұғыла» ықшамауданындағы тұрғын үйлердің құрылысы былтыр желтоқсан айында басталған. Мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынған 6 бірдей көпқабатты ғимараттың әрқайсысы 35 пәтерден тұрады. Алайда осы мақтаулы үйлер басталмай жатып осылай үйіндіге айналып жатыр.
Алтынбек Ахметов, Қызылорда облысы ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
- Оқиға болған жердің айналасына оқшаулау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 279 бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Болу себептерін айқындап, ары қарай анықтау жұмыстары жүргізіліп, қосымша хабарланады.
Осылайша Қарағандының әйгілі Бесобасындағыдай оқиға араға 3 жыл салып Қызылордада қайталанып отыр. Қазіргі уақытта мұнда арнайы комиссия құрылып, оқиғаның себеп-салдары әлі де нақтылануда. Сапасыз құрылыс салғандарға қандай жаза қолданылатыны сол комиссияның қорытындысынан белгілі болмақ.
Loading...