Қызылордада жасөспірімдер арасында ел чемпионаты мәреге жетті

Біріншілікте 14 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Мұнда еліміздің 14 облысы мен 2 қаласынан 153 балғын былғары қолғап шеберлері күш сынасты.

Біріншілікте өз салмақ дәрежелері бойынша қызылордалықтар Бауыржан Смағұл (44 кг) мен Руслан Сағат (80 кг), оңтүстікқазақстандықтар Олжас Қалаубек (46 кг), Бекзат Суанов (48 кг), Медет Сисенбай (63 кг), Асқар Дүйсалы (75 кг) және Дидар Төлеген (+80), алматылықтар Алмас Шынтемірұлы (50 кг) мен Дәулет Байғабатов (70 кг), шығысқазақстандықтар Бекнұр Ожанов (52 кг) пен Әділбек Жаханов (66 кг), астаналықтар Дайыр Жайлауов (54 кг) пен Ерболат Ермеков (57 кг) және Алматы облысынан Мақсат Базарбаев (60 кг) чемпион атанды. Бейресми жалпыкомандалық есепте Оңтүстік Қазақстан облысының жас боксшылары бірінші орынды жеңіп алды. Жарыс жүлдегерлері тиісті дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Бұл біріншілік алдағы шілде айында Астана қаласында өтетін әлем чемпионаты алдында еліміздің құрама командасы құрамын жасақтап алудың басты сынағы болып табылады.