Партияның баспасөз баянында атап көрсетілгеніндей, Қызылорда облысының тұрғындары мұнай өндіруші PetroKazakhstan сынды компаниялардың Қазақстан заңдарына бағынбауы салдарынан зардап шегуде.
Облыста мұнай өндіру мөлшері жылдан-жылға артқан сайын ауаға тасталатын газдар мен қалдықтар мөлшері де арта түсуде. Ал бұл өз кезегінде адамдардың денсаулығына нұқсан келтіруге байланысты вирусты және жұқпалы аурулармен ауыратындар, қатерлі ісік пен құрт ауруына шалдыққандар саны өсе түсті.
Құжатта атап көрсетілгеніндей, аймақтағы медициналық-экологиялық орталық сарапшыларының зерттеу қорытындысы бойынша, өңірде халықтың денсаулығын сақтаудың өзектілігі артты. Ахуалға жасалған талдау қорытындысы көрсеткеніндей, табиғи ресурстарды кәдеге жаратушылар әлеуметтік және табиғат қорғау шараларына жеткілікті мөлшерде қаржы бөлетін облыстармен салыстырғанда, PetroKazakhstan компаниясының өнеркәсіптік нысандарына таяу орналасқан өңірде ересектер мен балалар арасында тыныс алу, қан тарату және несеп жолдары жүйесінің дертіне шалдыққандар саны жоғары.
Шараға қатысушы Қызылорда облысының тұрғындары мен "Асар" партиясының облыстық бөлімшесінің өкілдері PetroKazakhstan компаниясынан көгілдір отынды босқа жағып жіберуді доғарып, Қазақстан Республикасының табиғат қорғау жөніндегі және монополияға қарсы күрес заңдарына бағынуды, барлық деңгейдегі бюджеттерге төленетін салықтар мен айыппұлдарды толық аударуды және жанармай мен дизельдік отынға әділетті баға белгілеуді талап етуде.
Сонымен бірге "Асар" партиясы PetroKazakhstan компаниясының жоғарғы басқарушыларының үстінен қозғалған қылмыстық істерді сотқа жеткізуді, Қазақстанның жер қойнауын құныға қарпуды доғарып, мемлекет белгілеген тәртіптер мен нормаларды сақтауды, Қазақстандықтарға қатысты әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіріп, олардың жалақысы мен құқығын шетелдіктермен теңестіруді талап етеді.