Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызлорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев айтты.
Оның айтуынша, қалада жаңа әуежайдың құрылысы да басталып кеткен.
«Облыс үстінен көптеген әуе жолдары өтетінін ескеріп, жаңа әуежай құрылысының қазығы қағылды. Қазір құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қазан айында Үкіметтің қаулысымен Қызылорда әуежайына халықаралық мәртебе берілді. Қазірдің өзінде бірқатар әуе команияларымен алдын ала келісімдерге келдік. Аманшылық болса, Қызылордадан Бейжіңге, Ыстамбұлға, Мәскеуге, Дубайға тікелей ұшатын күн де алыс емес», - деп атап өтті ол.
«Сонымен қатар, биылғы 9 айда Қызылорданың облыс оталығында 94 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал аймақтағы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25%-ға артты. Сонымен қатар, Сырданияның бос жатқан сол жағалауын игеруді қолға алдық. Бұл үшін алдымен дария арқылы арғы бетке өтетін көпірдің құрылысы басталды», - деді облыс әкімі өз баяндамасында.