Театр труппасын Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова бастап келді.
Жібек Бағысова Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театрының іргетасын алғашқылардың бірі болып қалаған актриса. Бар саналы ғұмырын сахна өнеріне арнаған өнер майталманы бүгінде 70 жасқа толған атаулы мерейтойында араға 15 жыл салып, өміріндегі қайталанбас рухы биік сом образдар жасаған киелі сахнасына қайта қауышты.
Актрисаның Сыр сахнасында жасаған образдар галереясы М.Әуезовтың «Түнгі сарынында» Жүзтайлақ, «Еңлік - Кебекте» Еңлік, Ғ.Мүсреповтың «Ақан сері - Ақтоқтысындағы» Ақтоқты, Ш.Айтматовтың «Ана- Жер- анадағы» Әлиман, Д.Исабековтың «Әпкесіндегі» Қамажай, Иштван Эркеннің «Сау басыма сақинасындағы» Маришка, қазақ эпосы «Қарақыпшақ Қобыландыдағы» Қарлыға сондай-ақ режиссер Маман Байсеркеновтың биік талғамымен қойылған Александр Штейннің «Толас» спектакліндегі Таська сахналық бейнелері қазақ театр өнерінің алтын қорына айналған.
Театр ұжымының өңірдегі өнер күндерінің ашылу салтанатын облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Уәйіс құттықтау сөз сөйлеп ашып, мерейтой иесі Жібек Бағысоваға облыс жұртшылығының ыстық ілтипаты мен алғысын жеткізіп, сый-сияпат жасады.
Сонымен қызылордалықтар үш күн бойы Шариф Хұсайыновтың «Анамның ақ көйлегі», Мар Байжиевтің «Тіл табысқандар», Қалиқан Ысқақтың «Мазар» драмасы мен М.Ворфоломеевтің балаларға арналған «Томпақ қонжық» ертегісін тамашалайтын болады.