Қызылордалық боксшы Рустам Сваев Азия чемпионатында финалға шықты

Бұл мәртебеге ол кеше түнде өзбекстандық Нодирбек Қосимовты шиеленіскен шайқас үстінде 38:34 есебімен жеңуімен қол жеткізді.

Құрлық біріншілігінде Рустам бұған дейін екі рет рингке шығып үлгерді. Оның біріншісінде, 1/8 финалда онымен жекпе-жек өткізуге тиісті Біріккен Араб Эмиратының өкілі Насер Алдхафири шаршы алаңға шықпай қалып, жерлесімізге жеңіс жазылды. Келесі кездесуін ширек финалда индиялық Мандип Жанграмен өткізген Рустам 21:13 есебімен ұтты.

Бір айта кетерлігі, Қазақстан құрамасының 5 боксшысы жартылай финалға шыққан болса, олардың 4-уі ақтық айқаста алтын медальдың тағдыры үшін күресетін болды. Бұл қатарда Рустамнан бөлек, Ілияс Сүлейменов (52 кг), Айдар Әмірзақов (60 кг) және Досжан Оспанов (+91 кг) сынды боксшылар бар. Ал кеше жартылай финалда қытайлық Мен Фенлонгке бір ұпай айырмашылығымен ғана жол беріп қойған Арман Рысбек (81 кг) қола медальдың иегері атанды.