Қызылордалық ер адам бұрынғы жұмыс орнына “жарылғыш зат қойған”

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қызылорда қаласының тұрғыны телефон арқылы Тасбөгет кентінде орналасқан медициналық мекемеге жарылғыш зат қойғанын хабарлаған. Алайда аталған ғимараттан жару-техник мамандарымен тексеріліп, онда жарылғыш зат табылмаған. Қызылорда облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жалған хабарлама берген мекеменің бұрынғы қызметкері 47 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны анықталып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізген.

Тергеу барысында жалған хабарлама берген азамат қызметінен босап қалуына байланысты ызаланып, масаң күйде хабарлама бергені анықталған. Қызылорда қалалық сотының үкімімен жалған хабарлама берген азаматқа 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.