Қызылордалықтар шахматтан жасөспірімдер арасында өткен чемпионатта 3 алтын медаль жеңіп алды

Біріншілік Астана қаласында өтті. Оған Астана, Алматы қалаларынан және облыс орталықтарынан 1000-ға жуық шахматшылар қатысты.

Аталмыш сайысқа Қызылорда қаласынан 12 оқушы барып, 3 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль иеленді. Ойын шахматтың классика, блиц, рапид түрінде өткізілді. Соның классика және рапид түрлері бойынша 10 жасар Әсел Серікбай екі бірінші орынды жеңіп алса, блицте Самал Әбдуәли алтын медаль иегері атанды. Сол сияқты Әсел Серікбай блицте екінші болса, 8 жастағы екі қыз - Самал Әбдуәли классикада, ал Назгүл Қадырова рапид пен блицте үшінші орынға табан тіреді. Сөйтіп, осы үш бүлдіршін қыз қызылордалықтарға командалық бірінші орынды алып берді.

Команданы жарысқа №2 облыстық балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушысы Риза Қошқарова дайындады.

Чемпионат қорытындысы бойынша Әсел Серікбай сәуір айында оқушылар арасында Польша мемлекетінің Краков қаласында өтетін әлем чемпионатына және одан кейін қазан айында Бразилияның Рио-Де-Жанейро қаласында жасөспірімдер арасында өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.