Қызылорданың медициналық орталығына 150 жыл толды

Бүгін, 14-қарашада басталатын конференцияға ҚР денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, облыстық ауруханалар мен ғылыми мекемелердің бас дәрігерлері мен мамандары қатысады. Конференцияға қатысушылардың арасында Сызғанов атындағы хирургия институтының құрметті директоры, академик Мұхтар Әлиев те бар.

Конференцияның алғашқы күні қатысушылар ауыл тұрғындарына көмек көрсету жөніндегі өз тәжірибелерімен бөліседі. Ал 15-қараша, сенбіде олар облыстың Жаңақорған аудандық емханалары мен ауылдық ауруханаларда болады.
Қызылорда облыстық медицина орталығының директоры Дамир Дәулетбаевтың KZ-today тілшісіне хабарлауынша, орталықтың тарихы 1853-жылдан басталады. Сол жылы уездік Перовск қаласында алғашқы медициналық лазарет ашылған. 1926-жылы мұнда Қазақстандағы тұңғыш 220 төсекке есептелген ұлттық клиникалық аурухана салынды. Бүгінде, Болгариялық сәулетшілердің жобасы бойынша салынған бірегей аурухана кешені 15 гектардан астам алаңды иемденіп жатыр. Кешенде арнаулы 26 бөлімше, дербес шағын қазандық, электр станциясы мен жеке ұңғымасы бар. Жыл сайын орталықта 25 мың науқас стационарлық емдеуден өтеді.
Д.Дәулетбаевтың айтуынша, 2004-жылы орталыққа 4 млн. долларға медициналық жабдықтар мен техниканың 126 түрі әкелінгелі отыр. Осындай арнаулы грантты Жапония үкіметі бөлді.