Қызылжұлдыз ауылының халқы үйлерінен шыға алмай қалды


Красный яр кентін «тасқыннан қорғаймыз» деп Шағалалы өзенінің арнасын бұрған кезде шенеуніктер Қызылжұлдызды естен шығарған сыңайлы. Шағын ғана ауылдың жұрты теміржолдың астындағы көпір арқылы қалаға қатынаған екен. Қазір ол жерді су шайып кеткен. Енді балалары бір аптадан бері сабаққа бармай, қалада жұмыс істейтіндері үйлеріне қайта алмай жүр. Қызылжұлдыздықтар көмек сұрап тілшілерге хабарласқанымен, ағыны қатты судан құтқарушылардың арнайы техникасы болмаса өту мүмкін емес. Оның үстіне арнасынан асқан өзен суының көлемі ұлғайып, ауылға кіруге шақ тұр.