Рафаэль Надаль ҚР Президентінің шақыруымен Қазақстанға келеді

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры Диас Досқараев мәлімдеді.

«Қазақстан теннис федерациясына ҚР Президенті Н. Назарбаев осыдан бір жыл бұрын Р. Надальді елге шақырып, теннистің дамуына үлес қосар шаралар ұйымдастыруға тапсырма берген болатын. Сондықтан біз жыл бойы осы жұмыспен айналысып, ақыры атақты спортшы елімізге келетін болды. Әрине Роджер Федерер мен Рафаэль Надальді көптеген елдер көркемдік матчтарын немесе шеберлік сабақтарын өткізуге шақырады. Алайда жұмыс кестелерінің тығыздығына байланысты олар барлық шақыртуларға бара алмайды. Ал Р.Надальдің біздің елімізге келуге келісімін беруі көп нәрсені білдіреді, яғни бұдан еліміз де, теннисіміздің де қарыштап дамып келе жатқанын көруге болады», - деді ол.

Д. Досқараевтың айтуынша, испандық теннисші ҚТФ-ның ұсынысын қуанышпен қабылдап, көптен бері Қазақстанға барғысы келіп жүргенін білдірген.


Атақты теннисші Астанада жас теннисшілерге шеберлік сабағын беріп қана қоймай, көркем матчқа да қатысады. Оның қарсыласы әлемдік ТОП-10 теннисшінің қатарына кіретін француздық спортшы Жо-Вильфрид Тсонга.  Ойын 25 қыркүйекте Астанадағы Ұлттық теннис орталығында өтеді.

Д.Досқараевтың айтуынша, Р.Надаль «TeamKazakhstan» академиясының жетекші теннисшілеріне шеберлік сабақтарын өткізіп, қазақстандық теннистің қалай дамып жатқанын өз көзімен көреді. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қабылдауында болып, өз ойларымен бөліседі.