Рахат Әлиевті экстрадициялау үшін Австрияға қайта өтініш жасалмақ

Естеріңізге сала кетсек, құқық қорғау органдары Рахат Әлиевті елге қайтару ісіне, із-түзсіз кеткен Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың  мүрделері табылғаннан кейін қайта кіріскен болатын. Себебі:Әлиев банкирлерді қатыгездікпен өлтіруді ұйымдастырды деп айыпталуда. Бұл қылмыс ашылғанда Елбасы да құқық қорғау органдарына Рахат Әлиевті экстрадициялау мәселесін жеделдетіп, оған тиісті жазасын беруді тапсырды. Осыдан кейін іле-шала Бас прокуратура Австрияға кезекті мәрте  өтініш жасады. Бірақ 17 маусым күні Вена тағы да өз қарсылығын білдірді. Алайда еліміздің құқық қорғау органдары экстрадициялау бойынша келіссөздерді қайта бастайтынын айтуда. Ал ресми Венаның әрекетіне бүгін тағы қазақстандық жастар наразылық  білдірді. Бұл жолы олар Астанадағы Австрия Елшілігіне келіп, сол елдің жастарына үндеу жолдады. Онда   австриялық замандастарын қолы қанға боялған азаматты қорғаштап отырған билік саясатына қарсылық білдіруге шақырған. 


Айбар Ермекқалиев
:

- Біз Австрия жастарына үндеу айта отырып, оларға шындықты жасырып отырған биліктің көзін ашыңыздар демекшіміз. Қылмыскерге лайықты жаза болсын деп талап ете отырып, әділеттілікке бет бұруын талап етеміз.      

Алайда  жастардың  елшілік алдындағы наразылық шарасы ұзаққа созылмады. Құқық қорғау органдары олардың бұл әрекетін заңсыз шеру деп бағалап, оларды арнайы көліктерге салып,алып кетті.