«Астанада қызымның екі құлағы да естімейтінін айтып, дамуында ерекшелігі бар екенін анықтады. Диагнозды кеш біліп қалдық. Логопед, дефектолог т.б. мамандарға қаралып, ем қабылдадық. Қызым сол кезде алқынып, тыныстауы қиын еді», - дейді Жансаяның анасы.
10 жыл бұрын қызының денсаулығы үшін Елордадан Түркістанға қоныс аударған Рахия қазір Жансая ентігетінді қойғанын айтады. Бұған Нұрсұлтан Назарбаев Қорының «Қамқорлық» оңалту орталығының септігі тиген. Инклюзияны қолдау кабинеті ашылған бетте келген олар 1,5 жыл ішінде оң нәтиже көргенін айтады.
«Қазір қызым балалармен араласып өзінің ортасы пайда болды. Ән айту қабілетін қалыптастыру үшін вокал пәніне және би үйірмесіне барамыз. Жақында шахматқа жазылдық. Енді күн жылынғанда бассейнге баруды ойлап отырмыз. Қызымды жан-жақты дамытқам келеді. Осындай орталықтар көп болса екен», - дейді Р.Исабекова.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бастамасымен 2019 жылдан бері іске асқан инклюзияны дамыту жөніндегі «Қамқорлық» жобасының маңызы зор. Оңалту үшін жолдаманы ата-аналар тұрғылықты жері бойынша орналасқан емханадан ала алады. Ал Жансая мен анасына зор денсаулық пен арманының орындалуын тілейміз!