Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бас мүфти жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу үшін мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындар мен тағы басқа мекемелерде ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырды.
Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда және басқа да мекемелерде жиналып, ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге, көпшілік орындарда, яғни дәмхана, мейрамханаларға жиналмауға үндейміз, - дейді Наурызбай қажы.
Ол осы ретте қазіргі жағдайға байланысты басқаша сауапты іс жасауға болатынын айтты.
Ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруде тиісті қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамын. Бұл тұрғыда мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру секілді амалдарды ұсынамын. Қасиетті айда көбірек игі іс жасауға асығайық. Ата-анамыздың, үлкен кісілердің дұғасын алайық. Туыстарымыздан хабар алып, хал-жағдайын сұрайық. Мүмкіндікке қарай, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, науқастың көңілін сұрайық, -
деді Наурызбай қажы.
Бұған дейін ҚМБД бас мүфтиі Рамазан айына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.