Рамазан Амантай "Ұйқым келмейді" әні туралы: "Әншінің қазақ тілін білмейтіндігін пайдаланып сатып жібердік"

Бұл туралы ақын 1001 түн бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz. медиа порталы. 

Рамазан Амантай бейнебаяны 5 миллионнан аса қаралым жинаған әннің бұрын сөзін жазған әндеріне де танымалдық әкелгендігін жасырмады. 

Және әннің сөзі неліктен сынға ілінгенін сұраған журналистке "Сөзі нашар болғандықтан сынға ілікті. Өте нашар. Ақша үшін жазылған дүние ғой. Ол әнді миллионнан көп ақшаға саттық. Сөзі сәтсіз шығып қалды. Әнші қазақ тілін білмейді. Соны пайдаланып сатып жібердік. Ниетіміз дұрыс болмады", - деп жауап берді.

Кейіннен "айтқандарымды шынайы қабылдап қалмаңыздар", - деген Рамазан Амантай бұл сөздердің өзіне жабылып жатқан жала екенін айтып өтті.


Негізінде "Түн жамылып, қайғырып шыққан сөздер" екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ән мәтіні тілді қорлап тұрмағаны, жазушы Оралхан Бөкейдің де "Ұйқым келмейді" атты романы барын, белгілі ақын Ерлан Жүністің шығармаларында да "бірдеңе" деген сөздер жиі қолданылатын туралы айтты.

"Алина ханымның ерекше жеткізу тәсілі бар. Сол үшін де кейбір жандарға түсініксіз болып қалған шығар", - деді Рамазан Амантай.