Бұл туралы "Ең алғашқы" бағдарламасында айтылды.
Рамазан Стамғазиев бала күнінен-ақ тәртіпті оқушы болған. Сабақты үздік оқымаса да, үлгілі оқушылар қатарында еді. Үйінде әжесінің баласы болды. Мектеп жасында қол ұстасқан қызбен өмірде қосылған жоқ.
"Мен әжемнің баласы болдым. Маған ешкім ұрса алмайтын. Маған ешкім тиіспейтін. Әкем дауыс көтеріп ұрыспайтын еді. Оның көзқарасынан қорқып өстік. Ал біреулер мені ұрып кетсе, анам артынан іздеп жазаламайтын. Біз солай шыңдалдық. Мектепте беске оқыған жоқпын. Бірақ бұзық та болған емеспін. Ер жеткен шақта Гүлнәр есімді қызбен кездесіп жүрдім. Алғашқы махаббатым деуге болатын шығар. Ол мені екі жыл әскерден күтті. Кейін де араласып жүрдік. Бірақ ол ауылда қалды, мен қалаға кеттім. Ортамыз өзгерді. Өзіміз де өзгердік. Солайша бірге болмадық. Ол қазір бұл дүниеде жоқ. Өкінішке қарай, қайтыс болды", - деді Стамғазиев.
Әншінің айтуынша, өзінің алғашқы махаббаты жайлы қазіргі жары Ұлту Қабаева да білген екен.
"Ұлту екеуміз бірге оқыдық. Бірақ мен үйленеміз деп ойлаған жоқпын. Дос болдық, кейін бас қостық. Жатақханаға достарым көп келетін. Соларды кіргізу үшін Ұлтуға өтініш айтам. Көп жағдайда көмектесті. Кейін отбасы құрдық", - деді ол.
Рамазан Стамғазиевтің әнші ғана емес, спортқа да қатысқан. Мектеп кезінен күреспен айналысып, солайша әскерде алдыңғы қатарлы сарбаз болған.
"6-сыныптан бастап күреске қатыстым. 4 жыл айналыстым. Кейін әскерге кетіп қалдым. Әскерде күрестім. Күреске қатысқаным әскерде де пайдасы тиді", - деді әнші.
Тұрарбек Тұманшиев Рамазан мырзаның досы. Әскерде борышын бірге өтеген. Досы Рамазан Стамғазиевтің әскерде қалай жүргенін айтып берді.
"Рамазанның қоластында болдым десем де болады. Ол мені үлкендерге тиіскізбейтін. Өзі старшина еді. Бірде маған тиіскен бір орысты сұлатып түсіргені бар. Әскерге тиіскен адамды орнына қоятын, мықты, жігерлі жігіт болды", - деді ол.
Рамазан мырзаның өмірдегі өкініші көп. Әсіресе, бауырынан, 19 жастағы інісінен айырылу өзіне үлкен соққы болды.
"Туған бауырым өмірден өтті. Ерланнан аз ғана уақыт ішінде айырылып қалдық. Ауруханада маған хабарласып, мені алып кет деді. Сол жерде қайтыс болды. Ол ел ауырып, дәрігерлердің өзі ауырып, карантинге жабылып, дәрі таппай жүрген кез. 19 жастағы ағамның ұлы қайтыс болды Оны көріп анам езілді. Оны көріп өзім де күйзеліске түстім. Анам әлі де уайым үстінде. Қаза отбасымызға оңайға түскен жоқ", - деп еске алды.
Өткенге оралып, жастық шағын еске түсірген әнші бірінші көлігін қалай алғанын айтып берді.
"Кешігіп жүруім өзіме пайдалы болды. Тойға кешігем деп көлікті болдым", - деді ол.
"Бір ағамыз той жасап, беташар айтуға Рамазанды шақырды. Той басталарда Рамазан келмей қалды. Екі-үш сағаттан соң жетті. Сөйтсе екі автобусы да бұзылып, жаяу жеткен екен. Менің беташар айтатын аздаған өнерім бар еді. Солайша келіннің бетін аштым. рамазан кешігіп келді. Осыдан соңоған көлік алып беруді жөн деп шештік. Ол кезде жигулилер қазіргі мерседес секілді. Содан ақшасын беріп, аппақ жигули алдырдық", - деді бауырлас ағасы Шәріп Байбатыров.