Рамазанда темекі тастағандардың есімі жамағаттың дұғасына қосылады

Рамазан айында темекі тастағандардың есімі елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен Қадыр түнінде жамағаттың дұғасына қосылды. Бұл игі шара алдағы уақытта да жалғасады. Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айы басталарда «Әзірет Сұлтан» мешітінің алғашқы жұма уағызында мешіттің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы жамағатты темекі секілді жағымсыз әдеттерді тастауға шақырған болатын. Өткен жұма уағызында да имам: «Рамазан айының алдындағы уағызымды естіп, соған амал еткен, яғни темекіден арылған нағыз ерлер бар болса, маған жолығып, есімдеріңізді айтып кетіңіздер. Біз Қадір түнінде сол азаматтарымызды Рамазан айында өміріне бір өзгеріс жасағаны үшін, жаман әдеттен жиреніп, жақсы қадам басқаны үшін мыңдаған жамағаттың алдында аттарын атап, дұға-тілектерімізге қосамыз», - деген еді. Аллаға шүкір, біраз бауырларымыз имамның айтқан сөзін құлағына асып, өздерінің темекіден құтылғанын айтып келген болатын. Ол азаматтардың есімдері Қадір түнінде айтылып, жамағаттың дұғасына қосылады. Осыған орай, жамағаттың дұға-тілегін алғысы келетін темекі тастаған азаматтар болса, мешіт оларды қатарға қосылуға шақырып, хабарласуды да сұрайды.