Рақымшылыққа ілігетіндердің санаты жарияланды

Осыған байланысты Қазақстанда зейнет жасындағы сотталғандар, мүгедектер және кәмелетке толмай қылмыс жасағандар түрмеден мерзімінен бұрын шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды Caravan.kz порталы КТК-ға сілтеме жасап.

Амнистияға тек қоғамға қауіп төндірмейтіндер ғана ілігеді. "Рақымшылық туралы" заң әлі де Парламент қарауында. Құжатта жеңіл және орта деңгейде қылмыс жасағандарды түрмеден босату көзделген. Ал ауыр және аса қауіпті қылмысқа барғандардың жазасы жеңілдетіледі. Ең алдымен рақымшылық кәмелетке толмағандарға, аяғы ауыр келіншектер мен балалы әйелдер және ер адамдарға, мүгедектер және егде жастағы сотталушыларға жасалады. Жаңа заң қабылданып, президент оған қол қойса, төрт мыңнан астам адам бостандыққа шығады, делінген хабарламада.

Жазасын өтеп жатқандардың арасында амнистияға ілікпейтіндер де бар.


Жанар Шайдуллина, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бөлім бастығы:

Рақымшылық ҚР ҚК 78-бабына сәйкес, жасөспірімдерді жыныстық зорлау, террористік және экстремистік қылмыс, қылмыстық топ пен ұйымдардың экс-мүшелеріне жасалмайды. Ал Қылмыстық процестік кодекстің 476-бабының 15-тармағына сәйкес, амнистия жасауға қатысты соңғы шешімді сот жеке-жеке қабылдайды. Заң жобасына сәйкес, босатылғандарға әлеуметтік қолдау қарастырылған.