Оның айтуынша, олар қазақтар емес, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен азық-түлік қауіпсіздігіне арналған дөңгелек үстел барысында Мақсат Жаңабаев әлеуметтік желіде кеңінен тарап кеткен жәрмеңкеден түсірілген видеоларға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, видеодағы жеміс-жидекке таласқандар - тәжік фермерлерінің өздері.
"Төбеге шығып, алып жатқандар - біздің Тәжікстаннан келген қонақтарымыз. Төбеге шығып, жемісті сол жақтан беріп тұрды. Пирамиданы жасаған фермерлер өздері біздің тұрғындар пирамидаға шықпасын деп жеміс таратқан. Бұл қауіпсіздік үшін жасалды", - деді Мақсат Жаңабаев.
Жәрмеңкеге Тәжікстанның Соғды облысының 300-ден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан барлығы 1000 тоннадан астам өнім әкелінді.
"Шынымен бұл өнімді адамдар алып кетті дегенге қатысты сұрақ болды. Әріптестеріміздің, тәжік достарымыздың ұстанымы сол болды: олар өнімді алып кетуге болатынын айтты. Өйткені ол күн астында бұзылып кетер еді. Өнімді өте қызық жасаған. Бүгінде Тәжікстаннан қарбыз әкелінбейді, себебі тасымалдау өте қымбат. Сондықтан адамдар Тәжікстан Республикасының тәтті қарбызын, тәтті қауындарын жеуге қызығушылық танытты. Расында, өте дәмді, өзім де дәмін көрдім. Менің ойымша, адамдар ең болмаса, осы өнімдерді әкелген тәжік достарымыздың тауарының дәмін татқысы келді", - деп түсіндірді Мақсат Жаңабаев.
Оның айтуынша, шара өте жақсы өтті, ешқандай ұрыс-керіс немесе басқа да күтпеген жағдайлар болған жоқ. Тәжікстаннан келген қонақтар барлық өнімді екі күнде – ақылы да, тегін де сатқан.
Көрме-жәрмеңке Тәжікстанның Қазақстандағы мәдениет күндері аясында өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон да оны аралады.