Референдум жоғары деңгейде өтті – ТМД бақылаушылар миссиясы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Azattyq ruhy-на сілтеме жасап хабарлайды.

Анфимовтің өзі референдум күні оннан астам учаскеге барып, ұйымдастыру жоғары деңгейде болғанына көз жеткізген. 

«Учаскелерді аралағанда біз міндетті түрде әріптестерімізбен – ұлттық бақылаушылармен әңгімелесеміз. Бізге олардың дауыс беру процесіне қатысты пікірі қызық, ескертпелері немесе ұсыныстары бар-жоғын білгіміз келеді. Айтайын дегенім, біз ұлттық бақылаушылардың ешбірінен шағым естіген жоқпыз. Барлығы да референдум қолданыстағы заңнамаға сай өтті деген пайымға келді», дейді Анфимов Орталық референдум комиссиясында өткен брифингте. 

Ол дауыс беру процесін 40 мыңнан астам ұлттық және 177 халықаралық бақылаушы бақылағанын еске салды. 

Сонымен қатар, Анфимов референдум учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға да бар жағдай жасалғанын ерекше атап өтті. 

«ТМД бақылаушылар миссиясы референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылды және «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға сәйкес ашық еркін атмосферада өтті деп санайды. Мемлекеттік билік органдары мен референдум комиссиясы азаматтардың өз таңдауын білдіруге жағдай жасады», деді ол. 

ТМД бақылаушылары республиканың тоғыз өңірінде жұмыс істеген, 618 референдум учаскесіне барған. 

Орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша референдумда дауыс бергендердің 71,12 пайызы немесе 5 561 937 азамат АЭС құрылысын қолдаған. Ал 2 045 271 қазақстандық қарсы болған.