Ата Заңдағы түзетулерге көшпес бұрын Caravan.kz тілшісі бұған дейін қанша рет референдум өткенін және оған қанша қаражат жұмсалғанына тоқталады.
Анықтама үшін
2022 жылғы 5 маусымда қолданыстағы Конституцияға алтыншы рет өзгеріс енгізуге қатысты референдум өтті. Оған 16,4 млрд теңге бөлінген. Қаражаттың шамамен 80 пайызы комиссия мүшелерінің еңбекақысына бағытталады деп айтылды. Содан 1,6 млрд теңге үнемделіп, мемлекет бюджетіне қайтарылған.
Сол жылғы 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауына үкімет резервінен 20,5 млрд теңге бөлінген.
2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бүкілхалықтық дауысқа салынды. Бұл референдумға қазынадан 15,5 млрд теңге бөлінді. Бұл сомаға 63 елде орналасқан 78 шетелдік сайлау учаскесінде республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу шығындары кірді.
Биыл 15 наурызда кезекті референдум өтеді. Бұл жолы халық жаңа Ата Заң жобасын дауысқа салады.
Қазіргі референдумға шамамен 20 млрд теңге бөлінуі мүмкін. Мұндай болжамды Конституциялық кеңестің мүшесі Марат Шибутов «Обожаю» арнасына берген сұхбатында айтты.
Ал комиссия мүшесі Михаил Бортниктің мәліметінше, алдын ала есеп бойынша саяси науқанға 20,8 млрд теңге жұмсалуы мүмкін. Оның 75% комиссия мүшелерінің еңбекақысын өтеуге бағытталады.
Жобаға қандай өзгерістер енгізілді?
Конституциялық кеңестің мүшесі Марат Шибутовтің пікірінше, мұндай үлкен өзгерістер – саяси манёвр емес, отыз жыл бойы қолданылып келе жатқан Негізгі заңды табиғи түрде жаңарту үдерісі. Оның айтуынша, мемлекет те, қоғам да түбегейлі өзгерді, сондықтан Конституция да жаңа шынайылыққа сай болуы тиіс. Ол мұны қарапайым тұрмыстық мысалмен түсіндіреді:
«Конституция 30 жыл жұмыс істеп тұр. Егер сіз 30 жыл бір пәтерде тұрсаңыз, ерте ме, кеш пе күрделі жөндеу жасайсыз».
Оның сөзінше, қоғам тарапынан да көптеген ұсыныстар түскен. Азаматтар тек парламент мәселесін ғана емес, басқа да баптардың ескіргенін айтып, нақты түзетулер енгізуді сұраған.
«Шамамен 2,5 мың ұсыныс түсті. Соның төрттен бірі ғана парламентке қатысты болды. Қалғаны уақыт талабына сай келмейтін басқа баптар туралы».
Сарапшы цифрлық құқықтар мәселесіне де ерекше тоқталады. Оның айтуынша, 1995 жылы интернет пен жасанды интеллект қазіргі деңгейде болмаған. Сондықтан цифрлық меншік, деректер, цифрлық бейнелер секілді ұғымдар Конституцияда қарастырылмаған.
«1995 жылы интернет енді ғана дамып келе жатты. Бүгінде цифрлық бейнелер, жасанды интеллект, цифрлық меншік бар. Ал Конституцияда бұл туралы ештеңе жоқ».
Шибутов Конституцияны құқықтық жүйенің іргетасы деп атайды. Егер іргетаста белгілі бір норма бекітілмесе, одан туындайтын заңдардың да тұрақтылығы әлсірейді дейді.
«Конституция – заңнаманың іргетасы. Егер іргетаста норма болмаса, қалғанының бәрі берік болмайды».
Отбасы институтына қатысты түзетулер жайында ол бұрынғы редакцияда некенің нақты анықтамасы болмағанын айтады. Бұл құқықтық тұрғыдан түсінбеушілік туғызуы мүмкін еді.
«Конституцияда “неке заңмен қорғалады” деп жазылған. Бірақ оның анықтамасы көрсетілмеген. Енгізіліп отырған түзетулер қолданыстағы Отбасы кодексімен сәйкес келеді».
Діни саясатқа қатысты өзгерістерді ол қауіпсіздік мәселесімен байланыстырады. Оның пікірінше, 1990-жылдардың ортасында қазіргі деңгейдегі діни экстремизм қатері болмаған. Ал кейінгі жылдары бұл қауіп айқын сезілді.
«2011 жылдан кейін діни экстремизм мәселесі өткір болды. Конституция заңсыз діни лагерлер мен радикалды құрылымдарға тосқауыл қоюға құқықтық негіз беруі тиіс».
Сөз бостандығына қатысты өзгерістер жөнінде саясаттанушы бостандық шектелмейді, керісінше, нақтылай түседі дейді. Ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігі бөлек атап көрсетіледі.
«Сөз бостандығын ешкім алып тастаған жоқ. Оған ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық қосылды».
Сонымен қатар, ол ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау нормасын бекіту қазіргі ақпараттық кеңістікте маңызды екенін атап өтеді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі агрессивті ортада бұл өзекті бола түскен.
«Сөз бостандығы басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуі тиіс».
Медицина саласындағы «тегін» ұғымын нақтылау мәселесіне тоқталған сарапшы, шын мәнінде ештеңе толықтай тегін болмайтынын айтады. Азаматтар медициналық қызметке салық арқылы төлейді.
«Тегін ештеңе жоқ. Сіз оны салық арқылы әлдеқашан төлеп қойғансыз».
Вице-президент лауазымын енгізу мәселесіне қатысты Шибутов оны төтенше жағдайға арналған қосымша тетік ретінде бағалайды. Бұл саяси тұрақтылықты сақтау үшін қажет резервтік механизм.
«Вице-президент – төтенше жағдайда жүйені сақтап қалатын қосалқы механизм».
Ол мұндай институттың басқа елдерде де бар екенін айтып, оны авторитарлық қадам ретінде бағалауға болмайтынын жеткізеді.
«Егер Құрылтай екі рет кандидатураны бекітпесе, бұл саяси дағдарыс. Мұндай рәсімдер көптеген елдерде бар».
Жарияланған нұсқа – жаңа Конституция жобасының екінші редакциясы. Алғашқы жоба 31 қаңтарда ұсынылған болатын. Кейін Конституциялық комиссия құжатқа бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Саясаттанушы Әлібек Тәжібаевтың айтуынша, көптеген тұжырымдар нақты әрі түсінікті етіп қайта жазылған. Әсіресе, білім беру саласына қатысты баптар нақтыланды. Егер алғашқы нұсқада орта білімнің тегін екені нақты көрсетілмесе, жаңа редакцияда оқушылар үшін орта білімнің ақысыз екені, оны мемлекет қаржыландыратыны айқын жазылған.
Бастапқыда 40-қа жуық бапқа өзгеріс енгізу жоспарланған. Алайда талқылау барысында түзетулер көлемі айтарлықтай ұлғайып, мәтіннің шамамен 84 пайызына өзгеріс енгізу қажеттігі белгілі болды. Соның нәтижесінде толықтай жаңа Конституция қабылдау ұсынылды.
Құрылымы мен негізгі қағидаттары
Жоба преамбуладан және бірнеше бөлімнен тұрады. Онда:
Құжатта Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалады. Мемлекеттің унитарлық сипаты мен президенттік басқару нысаны сақталады.
Президент жеті жылдық мерзімге сайланады және бұл қызметті тек бір рет атқара алады.
Сонымен қатар жаңа институт – Құрылтай енгізіледі. Оның құрамында 145 мүше болады. Бұл орган консультативтік-өкілдік алаң ретінде жұмыс істейді және шешімдер қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады.
Құқықтар мен бостандықтар
Жоба азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуді көздейді. Атап айтқанда:
Сарапшылардың пікірінше, жаңа Конституция билікті заңсыз иемдену мүмкіндіктерін шектеп, мемлекеттік жүйені ашық әрі демократиялық етуге бағытталған.
Референдумнан кейін не өзгереді?
Егер жаңа Конституция қабылданса, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осы күнге дейін қазіргі Парламент өз жұмысын жалғастырады.
Құрылтай сайланғаннан кейін белгілі бір мерзім ішінде вице-президенттің кандидатурасы ұсынылады, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлғалар бекітіледі. Сарапшылардың болжамынша, бұл үдерістер қыркүйек–қазан айларында жүзеге асуы мүмкін.
Жаңа Құрылтайдың алғашқы сессиясы конституциялық заңдар мен кодекстерді жаңа Негізгі заңға сәйкестендіруге арналмақ.
Сонымен қатар жобаға сәйкес, қазіргі Үкімет жаңа Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатуға міндетті. Демек, жыл соңына қарай биліктің барлық тармақтарында елеулі жаңару болуы ықтимал.
Осылайша, 15 наурызда өтетін референдум елдің Негізгі заңын ғана емес, бүкіл мемлекеттік жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды саяси кезең болмақ.
Соңғы шешім – халықтың қолында.