Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Екінші орын тағдыры шешілген кездесуде жерлестеріміз Гонконг құрамасымен шеберлік байқасты, деп хабарлайды Caravan.kz меди порталы ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Аса тартысты өткен матчта екі команда да жеңіс үшін бар күшін салды. Кездесу 26:26 есебімен тең аяқталғанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды.

Ал алтын жүлдені Жапония құрамасы мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Күншығыс елінің өкілдері Қазақстан командасын 64:12 есебімен, ал Гонконг құрамасын 72:12 есебімен жеңген болатын.

Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы өз жерімізде өткен Азия чемпионатында жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, құрлықтағы үздік командалардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жетістік еліміздегі әйелдер регбиінің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.

Автор: Caravan.kz