Режисердің соңғы нұсқауынан соң Әсел Сағатова мен Саят Исембаев бүгінгі түсірілімді бастап кетті. Фильмнің бірінші бөлімінде көпшілікке өжет жігіт ретінде таныс Саян «Рэкетир-2: есе қайтару» туындысында көрерменге басқа қырынан көрсетілмек.
Саят Исембаев, актер:
-Фильмнің ұнауы немесе ұнамауы көрерменнің талғамына байланысты. Бірінші бөлімде біз 90-шы жылдардағы атыс-шабысты көрсетсек, қазіргі Саян өзгеріске ұшыраған. Ең қиыны осы кейіпкерді басқа қырынан көрсетуде.
Саят Исембаевтан өзге Аружан Жазылбекова, Фархат Әбдірайымов, Жан Байжанбаев пен Азамат Сатыбалды сынды қазіргі қазақ киносының белді актерлері түсіру жұмыстарына қатысуда. Ал тек кинода ғана емес, шынайы өмірде де ана атанып үлгерген Әсел Сағатовамен бірге оның алты айлық ұлы Алдиярды да көруге болады.
Әсел Сағатова, актриса:
– Менің кейіпкерімнің мінезі жұмсағырақ болады. Бұрын ол таңдау жасай алмай үнемі ой үстінде болса, енді оның мақсаттары белгілі. Ана отбасын бақытты етуі тиіс, ал сүйікті жары оған әрқашан көмектеседі.
Достық, адалдық пен махаббатқа әр туындысында мән беретін «Сатайфильм» киностудиясы кейіпкерлердің бүгінгі әрекеті ертеңгі күніне қалай әсер ететінін көрсетуді мақсат еткен. Ал картинадағы негізгі көріністер Қарағанды, Шымкент, Астана мен Алматы қалаларын қамтиды. «Рэкетир-2: Есе қайтару» фильмінің түсіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, үлкен экрандарға 2015 жылдың наурызында шығады деп күтілуде.