«Рекетир» фильмінің жалғасы түсірілуде

Бұл – «Рекетир 2. Есе қайтару» фильмін түсіру сәті. Осыдан жеті жыл бұрын талғамы жоғары көрермен бірнеше қайталап көрген отандық кинотуындының жалғасы дүниеге келмек. Сценарий қылмыс әлемінің беделді өкілі Русланның  қайғылы қазасынан кейін, кенже інісі Болат ағасы үшін кек қайтарады. Оның ролін жас актер Дәстен Шәкіров сомдайды. 

Дәстен Шәкіров, актер:

– Менің кейіпкерім мінезі жағынан келетін болсақ, өз сөзінен қайтпайтын, көп сөйлемейтін, бір нәрсені істеймін десе, одан бас тартпайтын, не бомаса да оны істейтін адам. Бірбеткей деп айтуға болады.

«Сатайфильм» «Рекетир» арқылы отандық кинематографияға үлкен серпіліс әкелді. Онда аумалы-төкпелі 90-шы жылдар суреттелді. Бұл фильмде заңға қарсы, бірақ «өз ережелерімен» жүретін жуан жұдырықтылар қарапайым адамдардың мүддесі үшін де күресті. Ал сол кезде кинотуындының екінші бөлімін түсіру туралы ой мүлдем болмаған еді дейді режиссер. 

Ақан Сатаев, режиссер :

– Көптеген көрермендер мен әріптестеріміздің сұрауы бойынша араға 7 жыл салып «Рекетир» фильмінің жалғасын түсіруді қолға алдық. Негізгі серіктесіміз – «Кловер» кешені. Жалпы, осы фильмді сынаушылар да болды. Біз қылмысты насихаттамаймыз. Мақсатымыз – қоғамға пайдамызды тигізу. 

Сөйтіп, толыққанды жаңа сценарий жасалды. Екінші бөлімде қазақ қоғамының дәл бүгінгі жәй-күйі суреттеледі. Фильм эпизодтары Қазақстанның түрлі қалаларында түсірілді. Мұнда актер Жан Байжанбаев кәсіпкер Жанның рөлін ойнайды. Сонымен қатар, оған Азамат Сатыбалды, Фархат Әбдірайымов, Саят Исембеавтар да қатысуда. Әсел Сағатова да нәрестесін үйде қалдырып, түсіру алаңына қайта оралды. Жаңа картина келесі жылдың наурыз айында көрерменге жол тартады.