АҚШ билігі өкілінің хабарлауынша, Ресей сонымен қатар АҚШ елшілігінің қызметкерлеріне Мәскеу түбіндегі Серебряный Бор демалыс аймағына баруына да тыйым салған.
АҚШ билігі 29 желтоқсанда АҚШ-тағы президент сайлауы кезінде "Ресей ұйымдастырды" деп сипатталған хакерлік шабуылға жауап ретінде 35 дипломатты елден қуып, жаңа экономикалық санкциялар салған.
Бейсенбіде Ақ Үй таратқан мәліметте Ресейдің Мэриленд пен Нью-Йорктегі дипломатиялық өкілдіктерінің тыңшылық жасады деген күдікпен жабылатыны жазылған. Сонымен бірге 35 ресейлік дипломат тыңшылық жасағаны үшін "персона нон грата" деп жарияланып, олардың АҚШ-тан кетуіне 72 сағат уақыт берілген. Бұған қоса Вашингтон ресейлік арнайы органдар - ГРУ мен ФСБ-нің тоғыз өкіліне қаржы және саяхат санкцияларын салды.
Президент Обаманың атынан жарияланған мәлімдемеде: "Ресейдің агрессияшыл іс-әрекетіне қарсы жасаған тұтас шарамыз бұл ғана емес. Уақыты мен мекеніне қарай тиісті шара қолдана береміз, олардың кейбірі әлі жарияланған жоқ" деген жолдар бар.
Кремль Ақ Үйдің бұл шараларына "қатаң жауап көрілетінін" мәлімдеген.