Ресей Байқоңырдағы Қазақстан азаматтарының құқығын қорғау мәселесін қазанның ортасына дейін реттеуге уәде берді



Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бұл мәселені шешу қажеттігі Байқоңыр аумағында тұратын Қазақстан азаматтарының Конституциялық құқықтарының бұзылғаны туралы шағымдарының жиілеп кетуіне байланысты туындады. Атап айтсақ, Ресей құқық қорғау мекемелерінің Қазақстан азаматтарын РФ заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тарту оқиғалары кездескен.
Мәселен, 1997-2004-жылдар аралығында Ресейлік гарнизон соты Қазақстан азаматтары айыпталған 85 қылмыстық істі қараған. Бірақ қылмыстардың барлығы да жеке сипатта. Олардың біреуі де РФ мүддесіне қарсы жасалмаған, делінген хабарламада.
Мәскеудегі кездесу барысында Ю.Чайка аталмыш мәселелерді заңдық негізде реттеу туралы Қазақстан жағының ұстанымымен келісіп, хаттамалардың ақырғы нұсқаларын Ресей жағы қазан айының ортасына дейін ортаға салады деп сендірді.
Әділет министрлігінің түсініктемесіне сәйкес, 2001-жылдың мамыр айында ҚР Конституциялық кеңесі "Байқоңыр" кешенін жалға алу туралы келісімнің нормалары мен ҚР және РФ үкіметтері арасындағы құқық қорғау мекемелерінің кешен аумағында құқық пен тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы ықпалдастығы туралы келісімнің Қазақстандағы аумағындағы Қазақстан азаматтарына қатысты Ресей соттары мен құқық қорғау мекемелерінің юрисдикциясына қатысты бөлімі ҚР Конституциясына сәйкеспейді деп таныған. 2004-жылдың қаңтар айында қол қойылған "Байқоңыр" кешенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі меморандумға сәйкес, "Байқоңыр" кешеніне қатысты келісім-құқықтық базаға 2004-жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізу межеленген болатын. Осыған байланысты екі жақтан да жұмыс тобы құрылды. 2005-жылдың маусым айында "Байқоңыр" кешеніне қатысты кіші комиссия сарапшыларының кезекті кездесуінде тараптар тұтастай алғанда екі жақтың бұрындары келіскен хаттама редакциялары түзетумен ретке келеді, тек қана Ресей жағынан қосымша толықтыру қажет деген шешімге келді. Алайда, Ресей жағы толықтырылған нұқсаны күні бүгінге дейін келтірмей отыр.
Бүгінге дейін Ресейдің құқық қорғау мекемелері Қазақстан жағына Байқоңырдағы Қазақстан азаматтарының үстінен қозғалған қылмыстық істердің 80 процентін ғана өткерген. Алайда бұл бағыттағы барлық процедуралар тек ауызша келісімнің негізінде ғана іске асырылып келді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті