"Ресей бұл ноталарды шыбын шаққан құрлы көрмейді": Досым Сәтпаев Қазақстан Ресейге қарсы әлсіз әрекет етті деп санайды

Саясаттанушы Д.Сәтпаев malim.kz-ке берген сұхбатында Қазақстан наразылық нотасын жолдаумен шектелмей, қатаң түрде қарымта жауап беруі керек дейді.

– Қазақстанның ресми реакциясы әлсіз және шектеулі болды. Дипломатиялық тәжірибеде нота тапсыру – наразылықты танытудың ең әлсіз жолы. Бұл мәлімдемені ресейлік сарапшы немесе қоғам қайраткері емес, мемлекеттік думаның білім және ғылым комитетінің төрағасы мен депутаты жасады. Никонов – мемлекеттік думада білдей бір маңызды қызмет атқаратын адам. Оның үстіне Никонов көп жылдан бері өзін Ресей сарапшылар қоғамындағы пікір көшбасшысы ретінде көрсетіп жүр. Ал Федоров Ресей президент әкімшілігінің қорғаныс жөніндегі кеңес мүшесі болды, Никонов сияқты ол да путиндік “Единая Россияға” мүше. Никоновтың да, Федоровтың да көп уақыттан бері Кремльмен байланысы бар. Сондықтан бұл екеуі де белгілі бір дәрежеде Ресей жетекшілігінің пікірін айтып тұр.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі нота тапсырумен шектелмей, әлдеқашан одан батылдырақ қимылдауы керек еді. Оның үстіне Ресей бұл ноталарды шыбын шаққан құрлы көрмейді, мүлде назар аудармайды.

– Біріншіден, Қазақстан туралы осындай доспейіл емес мәлімдеме жасаған Ресей саясаткерлердің қара тізімін жасау керек. Яғни мұндай лауазымды қызмет өкілдері нон грата тізіміне енгізілуі тиіс. Оларды Қазақстанға кіргізбеу керек. Әлбетте, арандатушылық мәлімдеме жасайтын саясаткерлер мен сарапшылардың Қазақстанға келсек деген ойы болмауы да мүмкін. Бірақ ойланбай сөйлейтін Жириновский, Соловьев, Никонов, Федоров тәрізді адамдарды қара тізімге енгізу Кремльге берілген сигнал болар еді. Яғни Қазақстан бұл мәлімдемелерге жағымсыз, оғаш инцидент деп қарамайды, мұны Ресейдің Қазақстанға қатысты доспейілді емес сыртқы саясаты деп қабылдайды деген емеурінді білдірер еді.

Қазақстанда билік транзиті аяқталмағанын ескерсек, бізде де Украинадағы сценарий жүзеге асуы мүмкін бе?

– Иә, әрине. Бұл сұраққа жауап беру үшін кейбір құжаттарды зерттеу керек. Мысалы, бірнеше жыл бұрын қабылданған Ресейдің әскери доктринасына үңілейік. Украинадағы оқиғалардан кейін осы доктринаға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, Ресей көрші елдерде өзіне достық пиғыл танытпайтын, орыстілді азаматтардың құқығын шектейтін режим орнаса, сол елдің ішкі ісіне араласу құқығын бекітті. Яғни Ресей көрші елдегі режим өзіне дос па, әлде жау ма, оны өзі шешеді.

Еуразия экономика одағы – Қазақстан үшін геосаяси тұзақ.
Әу бастан Еуразия экономика одағы экономикалық емес, Ресейдің геосаяси жобасы екені айқын еді. Одақ құрылғанда 2014 жылы айтқан болжамым айна-қатесіз орындалды. Тіпті сол кезде одақтың құрылуын қолдаған бизнес қазір одан көңілі қалды. Өйткені санкциялар соғысы кезінде Ресей импорт орнын алмастыру бағдарламасы арқылы өзінің ішкі нарығын қатты қорғады. Ресейде тамақ өнеркәсібінен бастап жеңіл өнеркәсіпке дейінгі барлық секторда бизнес лобби мықты. Міне, олар барлық ел, тіпті өзімен экономикалық одақтас Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстан тауарларын кіргізбей, қолдан тосқауыл қойды. Ресей дем арада жаңа талаптар мен шектеулер қойып, экономикалық одақ талаптарын бұзып, қазақстандық өндірушілерді кіргізбей тастады.

Қазақстан Өзбекстан тәрізді одаққа мүше болмай, бақылаушы ғана болуы керек еді. Өзбекстан Еуразия экономика одағын мұқият зерттеп, бақылаушы ғана боламыз, ешқандай міндеттемені мойынға алмаймыз деп шешті. Тура сол сияқты Ислам Каримов билігі кезінде Өзбекстан Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымына мүшелігін тоқтатты. Өйткені Ресей бұл одақты геосаяси мақсатына падаланбақ деп күдіктенді. Ал мұның арты не болды? Түк те болмады. Ресей мен Өзбекстан арасында конфликт жоқ, тіпті Ресей-Өзбекстанның экономика, әскери-саяси саладағы қарым-қатынасы қарқынды дамып жатыр. Ұлттық мүдде тұрғысынан қарағанда, Өзбекстан бізбен салыстырғанда дұрыс әрекет етті. Еш уақытта өзіңді іс-әрекетін болжап білуге болмайтын, басқыншыл, агрессивті, асқан державалық мүддесі бар серіктеске байламау керек. Ресей де, Қытай да осындай серіктестер. Ондай серіктесті алшақ ұстау керек, бұл елдер тек күшті, ұлттық мүддені нақты қорғайтын ұстанымды мойындайды. Ал егер Қазақстан ұлттық мүддені қорғамаса, Ресей бізге тек сателлит деп қана қарайды.