Ресей Федерациясының жаңа президентінің бірінші шетелдік сапарын Қазақстанға жасауы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін паш етеді - ҚР СІМ

"Дмитрий Медведевтің Ресей Федерациясының президенті ретінде бірінші шетелдік сапарын Қазақстанға жасауы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін паш ететін дерек", - деді Е. Ашықбаев.

Ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведевтің 22-23 мамырда Астанаға мемлекеттік сапар жасайтынын еске салды.

Сапар барысында екі жақты ынтымақтастыққа қатысты кең көлемді мәселелер топтамасы талқыланып, бірқатар өзекті халықаралық проблемалар бойынша пікір алмасылады.

2007 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $16,3 млрд құрап, көрсеткіш 2006 жылғымен салыстырғанда 27% өскен. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан мен РФ арасындағы тауар айналымы $4,13 млрд жетті, бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 26% жоғары.