Ресей ғалымдары ақмолалық тұрғындардың «ұйқы ауруының» себебін анықтауға көмектеседі

«Біз қазақстандық радиациялық медицина және экология институымен бірлесіп жұмыс істейміз. Сол жерден аталмыш дерттің себептерін анықтауға байланысты көмек сұрап келді. Барлық зерттеулердің хаттамаларын жіберді. Мен карта бойынша қарадым, мамандармен кеңестім. Шынымен, бұл ауыл бұрынғы уран кен орнының аймағында орналасқан», - деді Л.Рихванов «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Профессор жаппай аурудың тууына басқа факторлар да әсер етуі мүмкін деп санайды.

«Қазақстандық қадағалау органдары онда қатарынан бірнеше зерттеулер жүргізді. Мәліметтер радиоактивті белсенділіктің әлдеқайда төмен екенін көрсеткен, сондықтан одан қауіп аз болу керек. Бірақ онда радонның көрсеткіші жоғары», - деген ғалым кешенді зерттеулер жүргізу керек деп есептейді.

«Біз бағдарлама жасап шығаруға ұсыныс жасадық, қазақстандық мамандар осы іспен айналысты. Мысалы, тістің жылтыр қабығы, қан тамшысы бойынша адамға қандай дозада күш түскенін анықтауға болады. Бұл онда радиациялық фактор бар-жоқтығын тексеруге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Л.Рихванов.


Ол аталған әдістің қымбат екенін және соған қарамастан оны міндетті түрде қолдану керектігін айтты. Сондай-ақ, оның айтуынша, аталған аймақта зерттеуді сәуір-мамыр айында қар толығымен кеткенде жүргізу керек.

«Бәрі шешілді: біз онда міндетті түрде барамыз. Қазақстандық мамандар медицина-билогиялық зерттулерді жүргізуді өз мойындарына алды, ал біз барлық далалық зерттеулерді жүргіземіз, қортындыны салыстырып, сараптама жасауға көмектесеміз. Кешенді зерттеуді пайдаланып, оның себебін анықтауға болады», - деп қорытындылады Л.Рихванов.

Еске сала кетейік, Ақмола облысының Есіл ауданы Калачи ауылында өткен жылы тұрғындар  жаппай «ұйқы ауруына» шалдыға бастады. Дәрігерлердің мәліметінше, «белгісіз дәрежедегі энцефалопатия» диагнозымен 34 адам келген. Олардың арасында ересектер де балалар да бар. 2014 жылдың ақпан айының соңында осындай белгілермен тағы бес адам ауруханаға жатқызылды.