Ресей президенті ресми сапармен Астанаға келді

Елордасы әуежайында Ресей президентін Қазақстан үкімет басшысы Кәрім Мәсімов күтіп алды.

Кремль баспасөз қызметінің хабарлауынша, "9-15- мамырда Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстан Республикасына ресми сапары мен Түрікменстан Республикасына жұмыс сапары өтеді. Қазақстанға ресми сапары барысында Ресей мемлекет басшысы 9-10 мамырда Астанада, 12-15-мамырда Ақтауда болады".

Түрікменбаши қаласында Ресей-Қазақстан-Түрікменстан үш жақты жоғары деңгейдегі кездесуін өткізу межеленген.

Астанада Қазақстан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде екі елдің бұдан былайғы ынтымақтастық перспективаларының жан-жақты қырлары талқыланады, деп хабарлаған таяуда ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ержан Ашықбаев. Оның айтуынша, ғарышты бірлесіп пайдалану, көлік, отын-энергетикалық кешен мен ядролық энергетика саласындағы мәселелер талқыланады.

"Келіссөздер барысында мұнайгаз саласындағы ынтымақтастық жобалары, соның ішінде "Атырау-Самара" мұнай құбыры мен Каспий құбыр консорциумы жүйесінің қуатын арттыру перспективалары мен Каспий өңірінен қуат көздерін тасымалдауға қатысты басқа да мәселелер талқыланады",- деп хабарлайды Ресейдің "Новости" ақпараттық агенттігі Кремльдегі ақпарат көзіне сілтеме жасап.

В.Путиннің Астанаға сапары барысында Ресей мен Қазақстанның 2007-2008-жылдарға арналған бірлескен іс-шараларының жоспарын қабылдап, уранды байыту жөніндегі халықаралық орталық құру туралы және сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу туралы келісімдерге қол қою көзделген.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті