Ресей президенті шетелдерде тұратын Ұлы отан соғысының ардагерлерін Жеңістің 60 жылдық мерекесімен құттықтады

"Бүгінде төрткүл дүниенің қай түкпірінде ғұмыр кешіп жатсаңыздар да, ұлы тойды қай жерде қарсы алсаңыздар да сіздер үшін ол қастерлі мереке екенін білемін. Сіздер сол бір сұрапыл жылдардағы оқиғаларды, үзеңгілес достарыңыз бен 45-жылғы жеңісті әрдайым жадыңызда сақтайтындарыңыз сөзсіз",- делінген президенттің құттықтау хатында.

"Сіздің буын өкілдерінің қайтпас қайсарлығы, темірдей төзімі мен жанқиярлығы, жауынгерлік және еңбектегі ерліктері туралы риясыз ризашылық сезіммен сөз етеміз. Сіздер ауыр сынақтан сүрінбей өтіп, адамдардың бостандығын сақтап қалдыңыздар, дүниежүзін және елімізді нацизм езгісінен құтқардыңыздар. Сол себепті біз өзіміз бен ұрпақтарымызға болашақ сыйлаған буынға құрмет-ілтипатымызды білдіреміз".
"Ұлы отан соғысының сабақтары бізді ауызбірлік пен тұтастыққа, қазіргі заманғы қауіп-қатермен күресте тізе қосуға үйретеді. Халықаралық қауымдастықтың күшін біріктіру арқылы ғана біз лаңкестік, алалаушылық, ұлттық және діни араздық, адамзатқа деген қатыгездікті қоздататын кез-келген әрекетке тиімді қарсылық көрсете алатынымыз анық. Бұл - жеңімпаздар-сіздердің алдыңыздағы біздің қасиетті парызымыз болмақ",- делінген құттықтауда.
Ресей президенті ардагерлерге бейбітшілік, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.