Сыртқы саясаттағы ықпалды дипломаттардың бірі алдымен Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Онда Сирия мәселесі қозғалмай қалмады. Бұл өзекті тақырып Сергей Лавров пен оның қазақстандық әріптесі Ерлан Ыдырысовпен жүздесуінде де көтерілді. Ресми Астана Башар Асад билігі химиялық бомбаларды халықаралық қауымдастыққа өз еркімен өткізуі тиіс деген Ресей бастамасына қолдау білдіретінін мәлімдеді. Бірақ соғысты аңсап отырған АҚШ бұған қатысты соңғы байламын бүгін Женевада айтуы тиіс. Ал жұмыс сапары бар болғаны бірнеше сағатқа созылған Сергей Лавров Сирия түйткілінен бөлек, келіссөздер кезінде екі елдің өзара ынтымақтастығын да сөз етті. Ағынан жарылған мәртебелі мейман Қазақстанның орыс тілінің дамуына ерекше көңіл бөліп отырғанына алғысын білдірді.
Сергей Лавров, РФ Сыртқы Істер министрі:
- Қазақстан басшылығы орыс тілі мен мәдениетіне , орыс халқының дәстүріне ерекше қолдау жасап отыр. Мен бүгін Астанадағы шіркеуге барғанда осыған тағы бір рет көз жеткіздім. Мұны біз жоғары бағалаймыз.