Жалпы, аталған арнайы операцияға қатысып, қару ұстап жүрген ресейлік қазақтар туралы қоғам белсенділерінің ойы қандай, олар туралы қандай пікірді ұстанған жөн. Caravan.kz медиа-порталы елге белгілі азаматтардың арасында шағын сауалнама жүргізіп көрді.
Жан Ахмадиев. блогер
"Ол жақта жүргендердің көбі Ресейге жұмыс іздеп кеткен азаматтар деп ойлаймын. Егер ондай азаматтар болса елге қайтару керек. Себебі олар РФ азаматы емес. Ресей үшін соғысуға міндетті емес. Ал, егер Ресейде тұрып жатқан қазақтар соғысқа кетіп жатқан болса, ештеңе айта алмаймын. Оларды қорғағым да келмейді. Баяғыда елінен кетіп, орыс болып кеткен азаматтар. Ресей үшін соғысса соғыса берсін енді. Ал, "жұмысқа шақырамыз" деген хабарландыруға алданып кеткендер болса, қайтару керек. Бір жағынан қарасаң, Ресейден орыстардың өзі бізге қашып келіп жатқанда біздің қазақтар не себепті Ресейге барып Ресей үшін соғысу керек деп ойланасың
Алмат Сақатов, актер
Қазақ орыс үшін Украинамен соғысса немесе Украина үшін орыспен соғысса - өзінің таңдауы. Итпен ит болуды әр адам өзі таңдайды. Мен түбегейлі соғысқа қарсымын. Ал егер, құдай сақтасын әрине, Қазақстанға қауып төнсе, онда соғысуға дайынмын.
Хасен Қожа-Ахмет, қоғам қайраткері
"Ата-бабамызды талай қырды. Енді өз еркімізбен барып орысты қолдаймыз ба? Недеген ақымақтық! Аштыққа ұшыратып, геноцид жасағаны, жерімізді басып алып полигон жасағаны аз ба? Орыстардың әлі де әскері жерімізде тұр. Орыстың тілінен әлі арыла алмай отырмыз. Бармау керек! Қазақ та, татар, башқұрт, ноғай да, ешқайсысы орыс үшін соғыспауы керек. Тіпті болмаса Украина жағына шығып соғыссын. Ата-бабасының кегін алсын Ресейден. Орысты қорғамасын. Орысқа тиіскен ешкім жоқ. "Басқыншылардан Ресейді қорғауымыз керек" дейді. Ресейдің өзі ғой басқыншылық жасап отырған. Путиннің сандырақтағанына сенеміз бе? Орыстардың өздері-ақ қырыла берсін керек болса. Біздің шаруамыз қанша? Ресей бізді қанап отыр. Сондай жауыздарды қорғау деген ақымақтық.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандық сайтта жалақысы кісі қызығарлық вахталық жұмысқа Ресейге шақырған хабарландырулар ілінгенін, желі қолданушысы жұмысқа деп шақырғанымен, "Қазақтарды Украинаға алып барып соғыстырады" деп дабыл қағып отырғандығы туралы жазған едік.