Ресейде кедейлер көбейіп барады

Ресейдің әрбір алтыншы тұрғыны шектен тыс кедей тұрады. Ресми мәлімет бойынша, биылғы жылдың  алғашқы үш айында мұқтаж адамдардың қатарына екі миллион адам қосылыпты, деп хабарлайды "Хабар-24". 

- Мүгедектер, зейнеткерлер сияқты әлеуметтік жағдайы нашар жандардың табыстары дұрыс есептелмеген. Тағы бір себеп – жұмыссыздар санының артуы. Оған қоса көлеңкелі экономиканың үлесі көбейіп бара жатыр, - дейді Экономика жоғары мектебінің профессоры Александр Абрамов.

Өткен алты жылдың ішінде Ресейде кедейлердің саны күрт көбейген. Ал, биылғы өсімінің себебін мамандар нақты айта алмайды.

- Мұнай бағасы да, ұлттық валюта бағамы да сол қалпында тұр. Кенеттен осындай жағдайға тап болдық. Оны зерттеп, арнайы шара ойластыру керек. Мұқтаж жандардың саны өзінен-өзі азаймайды. Қазіргі  жағдай экономика саласына айтарлықтай өзгерістер енгізуді талап етеді, - деп түйді А.Абрамов.

Бұл жерде мамандар оғаш көретін бір жайт бар. Кедейліктің алдында тұрғандардың арасында әлеуметтік жағынан белсенді, жұмыс істейтін адамдар аз емес. Нақтырақ айтқанда олардың саны 5 миллион адам. Мамандардың айтуынша оның себебі – көлеңкелі табыс табатындардың саны көбейгенінде. Жалпы алғанда нақты кедейліктің көлемі статистика көрсеткіштерінен әлдеқайда жоғары дейді экономистер.