Ресей Федерациясының Омбы қаласында Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлері дүкен ашты. Онда отандық азық-түлік тауарларының 270 түрі саудаланады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қос өңір арасындағы тарихи достық бизнес саласында да жалғасын тапты. Биыл Челябы қаласында өткен форумда Солтүстік Қазақстан мен Омбы облыстары арасында әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Осы құжат негізінде солтүстікқазақстандық тауар өндірушілер Ресейде өз өнімдерін саудалауға мүмкіндік алды. Бұл Солтүстік Қазақстанның Ресейде осымен 2-ші сауда нысаны. Омбы қаласындағы Маяковский көшесінде орналасқан дүкен жергілікті тұрғындар тарапынан жоғары бағаға ие болып отыр. Бүгінде тұрақты тұтынушылары да бар. Әріптестік жөніндегі меморандумның жалғасы ретінде «Қазмаркет» сауда желісінің 2-ші сауда ошағы қолданысқа берілді.
«Омбы қаласында дүкендер желісін ашпас бұрын 30-ға тарта қазақстандық тауар өндірушілермен келіссөздер жүргіздік. Оның 15-і солтүстікқазақстандық компаниялар. Азық-түлікті Ресейге жеткізбес бұрын біз тауар сертификатын тексердік. Кейін сапасын көріп, келісімшарттар жасадық. Барлық өнім сапалы әрі осы нарықта сұранысқа ие. Жергілікті кәсіпкерлермен бәсекеге қабілетті бола аламыз деген ойдамын», - дейді «Есіл» өңірлік даму орталығы» ЖШС-нің директоры Руслан Шәріпов.
Дүкеннің алғашқы жұмыс күнінде тұтынушылар солтүстікқазақстандық тауардың сапасымен тегін танысуға мүмкіндік алды. Дигустациялық үстелден соң, омбылықтар сату сөресіне беттеді. Татьяна Пшанова қазақстандық азық-түлік өнімдерімен бұрыннан таныс. Сауда павильоны ашылатыны туралы естіп, бірден қажетті тауарды сатып алу үшін осы жерге келіпті.
«Мұсылмандық шұжық, май мен тоқаш сатып алдым. Тауар өте ұнады. Үйге барғаннан соң, жағымды жаңалықты көршілеріме жеткіземін. Тауарлар шеттен әкелінсе де, біздің омбылық дүкендерден баға айырмашылығы көп емес. Тіпті, кейбір тауар арзанырақ», - дейді Омбы қаласының тұрғыны Татьяна Пшанова.
«Қазмаркет» сауда желісі 270-ке тарта азық-түлік тауарының түрін ұсынып отыр. Дүкен сөрелерінде ет, сүт, кондитерлік өнімдер мен жарманың түр-түрін кездестіруге болады.
«Қазақстандық өнім Ресей нарығын бағындыратынына сенімдімін. Өйткені сапасы жоғары. Жергілікті тұрғындар сүт және ет тауарларына қызығушылық танытып отыр. Қос облыс басшылары жасасқан меморандум негізінде көрші Петропавлдан қажетті тауар жеткізіле бастады. Дүкеніміздің тұрған жері де біз үшін қолайлы. Бір аптада екі рет Солтүстік Қазақстаннан тауар жеткізіледі. Ол үшін арнайы көліктер бар», - дейді «Қазмаркет» ЖШҚ-нің бас директоры Евгений Бойцо.
Дүкенде тұтынушыларға 7 маман қызмет көрсетеді. «Есіл» өңірлік даму орталығы Ресейдің өзге облыстарында да сауда нүктелерін ашуды жоспарлап отыр. Келесі дүкен Түмен қаласында ашылмақ.