Ресейдің бұл жүйеден шығамын деуі АҚШ мемлекетінің "мұнай долларына" негізделген экономикасының күл-паршасын шығарады. Қаншама елдер алақанын ысқылап іштей қолдап күтіп отыр, деп жазды Рүстем Ашетаев.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
"Ресей газын рубльге сатуы әлем үшін пайдалы ма, зиян ба?
Бұған дейін мұнай-газ бен бағалы қазба байлық, азық-түлік т.б. негізгі өнімдер тек қана АҚШ долларына сатылып келген. Тек, АҚШ-тың қағаздан жасалған долларына барлық байлығымызды сатардай ол несімен құнды?
Бұл тақырыпты бастамас бұрын, алдымен қағаз ақшалар қалай пайда болғанына көз жүгіртіп алайық.
Әлқисса!
Ежелгі кезде адамдар арасындағы сауда-саттық тек қана айырбас түрінде болған. Сен маған мал бересің, мен саған азық-түлік, қару-жарақ деген секілді.
Кейіннен металдар мен қымбат тастарды игере бастағанда алтын мен күмістің қадірі артып, сол металдарды сауда-саттық жасау құралына айналдырады. Өйткені, осылай сауда жасау бәріне ыңғайлы болады.
Бертін келе адамдар ұжымдасып өмір сүре бастағаннан кейін, мемлекеттер мен хандықтар пайда бола бастады. Әр мемлекет пен хандықтың өзінің алтын мен күмістен жасалған темір ақшаларын шығара бастайды. Өйткені, сол мемлекеттің ішінде сауда-саттықпен айналысуға өте ыңғайлы еді. Әрі, өз затын алтын ақшаға сатып, дәл сол алтынға қалаған затын алуға болатын еді.
Заман өте келе осыдан екі-үш ғасыр бұрын әр адамның қалтасында алтындарын арқалап жүруі өте қауіпті бола бастайды. Өйткені, байлардың барлығы қарақшылық шабуылдарға көп ұшырайды. Тоналады.
Сондықтан, Англияда алғашқы банктер пайда бола бастайды.
Алғашқы банктердің қызметі - Сіздің алтындарыңызды өздеріне сақтауға алып, сіздің қолыңызға сіздің сол банкте пәлен кг алтыныңыздың барын растайтын чек беретін. Одан әрі сіз жаныңызда алтындарыңызды емес, банктерде алтындарыңыздың барын растайтын чекпен жүресіз. Сіздің чегіңізді тонағаннан қарақшыларға пайда болмайтын. Өйткені, сіз чегіңізге қол қойғаныңызбен, артынан банкке өзіңіз барып растауыңыз керек болады.
Ал, сізбен сауда жасап сіздің чегіңізді алған адам сол чегіңізді үшінші адамға өткізіп, өзге затын да сатып алуына болатын.
Немесе, сол сіздің чегіңіздің есебінен, өзі де барып сол банктен сіздің пәлен алтыныңыздың пәлен бөлігі өзініңкі екенін растайтын чекті өз атынан шығарып алып, ары қарай өзі де сіз секілді чектермен сауда жасап жүруіне болатын еді.
Мұндай жүйе алғашында өте тиімді болғанымен, кейіннен пайдаланушылар санының артуына байланысты банктің жұмысы көбейіп кетеді. Бір кездері өз салымшыларына дер кезінде қызмет көрсетіп үлгеруі мүмкін болмай қалады.
Сондықтан, бұдан былай банк жалпыға ортақ құнды қағаз шығаруды бастайды.
Яғни, сіз банкке өз алтыныңызды салғанда, сол алтыныңыздың көлеміне сай қағаз банкноттар алатын боласыз. Яғни, қағаз ақша дегеніміз бір банктің құнды қағазы. Сондықтан, оны банкнот деп атайды. (Қазірде солай. Өзіңіздің қолыңызға біздің теңгемізді алып қарасаңыз да "Ұлттық банктің банкноты" екенін көресіз. Яғни, сіздің қолыңыздағы теңгеңіз "Ұлттық банктің" меншігі. Бұл жайында келесі жолы жазармын) Белгілі бір бөлігін сол банкке қайта сақтауыңызға да болатын(Қазіргі тілмен айтқанда депозитке).
Осындай жалпыға ортақ құнды қағаздармен(банкнот) сауда жасау жүйесі бәріне тиімді болды. Бұдан әрі әр чекті арқалап банкке барып жүрмейсіз. Ортақ банкноттармен қалағаныңызша сауда жасай бересіз. Бірақ, кез-келген уақытта банкке барып қолыңыздағы банкнотты(қағаз ақшаны) өткізіп, банктегі сол банкнотқа тиесілі алтыныңызды алуға құқығыңыз болды. Сол банкте қолыңыздағы әрбір қағаз ақшаңызға тиесілі алтыныңыз тұратын.
Бір сөзбен айтқанда - әрбір айналымға шығарылған қағаз ақша(банкнот) алтынмен қорғалған болатын. Қағаз ақша сонысымен құнды еді.
Осы жерде "Халыққа сонша қызмет еткендегі банкке пайдасы қандай?" деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Банк сіздің депозитке салған артық ақшаңызды үшінші тарапқа пайыздық өсіммен беру арқылы пайда табады. (Ол жайлы келесіде прнайы тақырып етіп жазармын)
Сонымен, "Қағаз ақшаларға неліктен заттар мен қызметтер сатып алуымызға болатынын, печатталып шығарылған қағаз ақшалар несімен құнды, немен қорғалған?" деген сұрақтардың жауабын түсінген боларсыздар.
Осылай әр елдің өз "Орталық банктері" пайда болып, әр елдің өз құнды қағаздары(ақша, банкнот) пайда бола бастайды. Барлығы да алтынмен қорғалған. Өзара саудалардың нәтижесінде бір-бірінде жиналған қағаз ақшаларының көлеміне сай, кез-келген ел өзге елге сол елдің қағаз ақшаларын өткізіп, сол қағаз ақшаларға тиесілі алтындарды өздеріне қайтарып алуға құқылы болды. Немесе, өзге де түрлерімен. Қазба-байлық, азық-түлік т.б.
Бұл жүйе бәріне ыңғайлы болғанымен, былайғы көзге көрінбейтін бір мәселе туындайды. Орталық банктер өзіндегі алтын қорына сай қағаз ақшаларды айналымға шығарып отыратынын айттым жоғарыда. Арбір қағаз ақша сонысымен құнды екенін де. Әрбір, Орталық банктер өздеріндегі алтын азайған сайын, айналымдағы сол алтындардың есебінен кезінде шығарылған қағаз ақшаларды айналымнан алып тастап отырулары керек болады. Яғни, айналымда ештеңемен қорғалмаған құнсыз қағаз ақшалар болмауы керек. Өйтпеген жағдайда банктегі алтындардың көлемінен, айналымға шығарылған қағаз ақшалардың көлемі асып кетіп, сол елдің ақшасының құны түсіп кетеді. Яғни, сол елдің теңгесі құнсызданады. Заңында ол солай болуы керек. Бірақ, банктер соншалық адал болмаса ше? Олар өздеріндегі алтындарымен қорғалмаған қағаз ақшаларды да шығарып, соларға өзгелердің байлықтарын, өздеріне қажетті өзге де мұқтаждықтарын сатып алып отырса ше? Оны кім барып тексермек? Оны қалай анықтамақпыз? Яғни, ауадан ақша шығарып, сол ақшаға өз мұқтаждығын өтеп отырса деген сөз.
Оның барлығын анықтау мүмкін емес. Өйткені, ол үшін банктің барлық салымшылары бір мезетте алтындарын қайтарып алуларына тура келеді. ( Бұл жайлы да келесі жолдары жазармын)
Осындай ақшаларының құнсыздануын өткен ғасырдың бас жағында АҚШ мемлекеті басынан өткізді. Олар өздерінің ақшасының құнын ұстап қалу үшін, тіпті бүткіл халқының алтындарын банкке өткізулерін талап еткен. "Ұлы депрессия" деп аталған бұл кезеңненөздері де әупірімдеп әзер шықты.
Осы жылдары АҚШ-та ФРС (Федералды Резерв Жүйесі) пайда болды. Бұл Банк жүйесі тікелей АҚШ-қа өз бюджет мұқтаждығын жабуы үшін қарызға қаржы берумен айналысатын, Мемлекетке ешқандай бағынбайтын жеке банк жүйесі.
(Бұл жүйе жайында да уақыт тауып кейідеу жазармын)
Осылай, әр елдің қағаз ақшаларын алтынмен қорғап отыру жүйесі 1973-ші жылға дейін сақталып келді.
Екінші Дүние жүзілік соғыстан кейін әлемге ыңғайлы болуы үшін, әлемдегі қазба байлық пен құнды металдар, мұнай-газ, азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді т.б. заттар түрлері бір ғана АҚШ-тың долларымен құны белгіленіп, тек АҚШ долларымен сауда жасалуына келіседі. Өз кезегінде АҚШ өзінің әрбір шығарған банкноттарын(ақшасын) алтынмен қорғап отыруына және кез-келген мемлекет өзінде жиналған АҚШ долларын кері өткізіп, сол долларлар қорғалған алтындарын алуына құқылы болады. АҚШ осы міндеттемемен келіседі.
Осы келісімге тек Сталин басқарған СССР ғана келіспейді.
Өйткені, АҚШ-тың әлемге алтынмен қорғалған доллар шығарып жатыр ма, әлде, өз мұқтаждығын жабуы үшін ештеңемен қорғамастан шығарып жатыр ма, ол жағын тексеретін ешкімнің мүмкіндігі болмайды. Біз біреудің қалағанша печаттап әкелген ақшасына өз байлығымызды сата алмаймыз деп бас тартқан болатын. СССР әр ел өз затын өз валютасында сатсын, өздерінде жиналған өзге елдердің банкноттарын бұрынғыша алтынға, немесе, басқалай тауар түрлерімен айырбастаудың әділдігін алға тартады. Осылай әлемде екі жүйе пайда болады. АҚШ бастаған "Сыртқы сауданы тек доллармен жасау" жүйесі мен СССР бастаған әр ел сыртқы сауданы өз валютасында жасасын деген. Осы келісімге келе алмағаннан кейінгі, СССР-дің долар айналымы жүйесіне енбеген кезеңіндегі СССР-дің өзгелерден оқшаулануы тарихта "Темір құрсау(Железный занаваес)" немесе Ұлыбритания Премер-министірі У.Черчелдің әйгілі сөзімен аталған "Салқын соғыс(Холодная война)" кезеңі басталады.
1970-ші жылдары СССР басшылығына Брежнев келгеннен кейін ғана "Доллармен сауда жүйесіне" СССР-де келілісім беріп, әйгілі "Застои" кезеңі басталады.
Тек, 1960-шы жылдары ғана осы "доллар жүйесіне" Франция президенті Шарль де Голль ауыр соққы берді. Өйткені, ол АҚШ-тан өздерінде жиналған долларларын кері қайтарып алып, осы долларлардың көлеміне сай қорғалған алтындарын Францияға қайтарып беруін талап етеді. Бұл талабы заңды болатын. Өйткені, доллар жүйесін енгізген кездегі әуелгі келісім бойынша АҚШ алтынмен қорғалмаған банкноттарды айналымға шығармауға, өзге елдерде жиналға долларларының көлеміне сай кез-келген уақытта қайтарып беруге міндеттеме алған болатын. АҚШ үкіметі қанша жерден Шарль де Голльді әлемге жамандау, Францияға қысым жасау науқандарын жүргізгенімен, түбінде Францияға тиесілі өздеріндегі долларларын қорғап тұрған алтындарын беруге мәжбүр болады.
Бірақ, сол кезде Парижде болған НАТО-ның штаб пәтерін Бельгияның Брюсель қаласына ауыстырылады.(Бұл жәй ғана сәйкестік деп ойламаймын)
Артынан дәл осылай Жапония мен Германия да өздеріндегі АҚШ долларының көлеміне сай алтындарын қайтаруын сұрай бастайды. (Бірақ, олардың қайтарып алған-алмағаны жайлы нақты мәлімет жоқ)
Осыдан кейін 1971-ші жылы АҚШ өздеріндегі долларды қорғап тұрған алтындарын өзге елдерге қайтарып беру келісімінен бас тартады. Яғни, бұдан-былай АҚШ доллары ешқандай алтынмен қорғалмаған өз алдына құнды қағаз болып шыға келеді. Бұл дегеніміз - тап-таза миға сыймайтын әрекет. Бірақ, әлем осыған көнді.
Содан бері бүткіл әлем сыртқы сауданы ештеңемен қорғалмаған болса да, тек қана АҚШ долларымен жасауға міндетті. Бұған қоса ендігі жерде әр мемлекет өзінде алтын қорынан бөлек, ешқандай алтынмен қорғалмаса да АҚШ долларын "Алтын-валюталы резерв(Золото-валютный резерв)" жинап, сол жиналған АҚЩ долларының өзіңдегі көлеміне байланысты ұлттық валютасының құнын белгілеп отыратын болады. Былайша айтқанда теңгеміз АҚШ долларымен байланған, АҚШ доллары ештеңемен қорғалмаған.
Бұл мәселенің екінші жағы бар.
Біздер өзіміздің бюджет тапшылығымызды өзге елдерден, немесе бір қаржы институттарынан қарызға алу арқылы жабатын болсақ, АҚШ -қа ондай мұқтаждық жоқ. Олар өздерінің ФРС-інен 0,2-3%-бен қарыз алып жаба қояды. Бұл қаржылар қолма-қол физикалық тұрғыдағы печатталған қағаз ақша түрінде де емес, АҚШ-тың "Мен ФРС-ке пәлен сумма қарызбын" деген секілді "қарыздық кепілдеме" қағазы түрінде ғана алады. Ал, біздер қазба байлығымыз бен мұнай-газымызды сатып тапқан қаржымыздың бір бөлігін өз мұқтаждығымызды жабуға жұмсасақ. Қалған бөлігін "Ұлттық қор" деп аталатын қорға АҚШ банктерінде жинаймыз. Ол қаржылар АҚШ банктерінде де қағаз доллар күйінде емес, әлгі АҚШ-тың өз ФРС-нен қарыз алғандағы "қарыздық кепілдеме" қағазын сатып алып соларды жинаймыз. "Құнды қағаздар" деп бірәз экономисттердің айтып жүргендері сол АҚШ-тың "ФРС-ке кепілдеме" қағаздары.
Біздер бұл "Құнды қағаздарды" не үшін жинаймыз? Не үшін АҚШ-тың ФРС алдындағы қарызын сатып аламыз?
Мәселе былай!
АҚШ өз ФРС-інен 0,2-3%-бен алған қарызын растайтын қағазын біздерге сатып, біздерге 2-3%-бен қайтарып беруге кепілдеме қағазын береді. Сол кепілдеме қағаздарын біздер өзіміздің АҚШ банктеріндегі "Ұлттық қорымызда" " құнды қағаздар" деген айдар тағып сақтаймыз. Біз ол қаржыларды ешқашан пайдалана алмаймыз. Тек қана АҚШ-тың сол кепілдеме қағазындағы келісілген 2-3% ғана алып пайдалана аламыз. Бұған сенбейтіндер болса бір дәлел келтірейін.
Естеріңізде болса бірер жыл бұрын Молдовандық бір кәсіпкер біздің үкіметті сотқа беріп, Қазақстан үкіметінен 600 млн$ өндіріп алуға сот үкімі шығады. Сол 600 млн$ суммасын қайтарғанша біздердің "Ұлттық қордағы" 22 млрд$ қорымызды бұғаттап қояды. Бұл дегеніміз - біздің АҚШ -тағы 22 млрд$ қаржымыздың біздерге нақты тиесілі, яғни осы сумманың үстіндегі пайызы 600 млн$ деген сөз. Сол сумманы бізден өндіру үшін 22 млрд $ қорымыздан бұғатталды.
Былайша айтқанда, біздердің барымызды сатып тауып жатқан қаржымыздың аз ғана бөлігі бізге жұмыс жасап, үлкен бөлігі АҚШ-тың экономикасына жұмыс істеуде.
Бұл әлемдегі барлық елдерге тән құбылыс. Тек, Солтүстік Корея мен Иран ғана бұл жүйеге кірмеген(шатаспасам).
Бұған дейін де бұл жүйеден шыққысы келгендер болған. Кезінде Ирак пен Ливияны Саддам мен Каддафи билеп тұрған кезінде, олар өз мұнайларын өз ұлттық валюталарында сату және Араб елдерінің алтынмен қорғалған ортақ валютасын шығару жөнінде бастама көтерген болатын. Сол кездерде АҚШ бастаған батыс елдері келіп, арабтарды 20 жыл бойы "демократияландырып", халқын босқынға айналдырып, маргиналды билеушілерін таққа отырғызып еді. Оған бәріміз куәміз.
Қазіргі ресейдің "Өз мұнай-газымызды өз валютамызда сатамыз" деуі түптеп келгенде дүние жүзі іштей болса да қолдап отыр. Өйткені, әскери қуаты мен ядролық қаруы бар, қазба байлығына әлем мұқтаж Ресейдің бұл жүйеден шығамын деуі АҚШ мемлекетінің "мұнай долларына" негізделген экономикасының күл-паршасын шығарады. Қаншама елдер алақанын ысқылап іштей қолдап күтіп отыр.
Бұл жүйе жойылып, әр ел өз валютасында сауда жасауға мүмкіндік алатын болса, бұл біздерге де тамаша мүмкіндік болар еді.
Өйткені, доллардың теңгеге шаққандағы бағамын ұстап тұрамыз деп жинаған қорымыздан қыруар қаржымызды желге шашпас едік.
Осының алдындағы кризисте доллар бағасын жасанды ұстап тұруымыз үшін ғана 30 млрд$ дан астап қаржыны жоғалттық.
Сондықтан, Ресейдің өз мұнай-газын тек өз валютасында сатамыз дегеніне кекету-мұқатумен емес, аз мөлшерде болса да үмітпен қарағанымыз абзал. Әрине, біз бұл процесске араласа алмаймыз. Біздерді түтіп жібереді. Бірақ, айналамызда болып жатқан барлық құбылыстарды сауатты талдап отыруымыз керек. Әр мәселеден өз пайдамызды көре білуіміз керек. Уралаған бос даурықпа ұрандардың бізге ешқандай пайдасы жоқ.
Мені ресейшіл деп айыптағысы келетін азаматтар көп екенін білемін. Осы кезге дейін оларға кешіріммен қарап, бір күні өз позициямды толық түсіндіріп жазармын деп жүргенмін. Бүгінгі демалысымды осыған арнап, халыққа аздап болса да ой салу мақсатында осы посты арнап отырмын. Меніңкі ешқандай да ресейшілік емес, мемлекетшілдік екенін түсінерсіздер бәлкім",- деп жазды Рүстем Ашетаев.