ҚР Қорғаныс министрлігінің Қарағандыдағы аудандық эксплуатациялық бөліміне жүргізілген тексеру қорытындысы көрсеткеніндей, Ресейдің 13710 әскери бөлімшесі шойын жолға кіре беріс бір жолды тиісті мақсатта пайдалана алмай субаренда жөніндегі шарт бойынша "Роснефтересурсы" ЖШС-іне берген, кәсіпорын оны өз кезегінде коммерциялық мақсатта пайдаланып келген. Соның салдарынан ҚР Қарулы күштерінің әуе базасы өзіне қарасты кіре беріс жолды әжетке жарата алмай орасан шығынға батып отыр.
Есеп комитеті тексерулерінің қорытындысы бойынша Қарағанды көлік прокуратурасы кіре беріс жолды коммерциялық кәсіпорынға жалға беруді заңсыз деп тапты. Қазір ҚР мекемеаралық комиссиясы 13710 әскери бөлімшесінің қарамағындағы жол бөлігін субарендадан шығарып, осы жөніндегі келісім-шартты қуатсыз ету, немесе жалға беру жөніндегі келісімге ҚР қарулы күштерінің қажеттігіне арналған вагондарды ешбір кедергісіз өткізу туралы көрсеткіш енгізу мәселелерін қарап жатыр.
Жалпы алғанда 2004-жылдың 7 айында есеп комитеті 222 нысанға 20 тексеру жүргізді. 7,9 млрд. теңгенің заң талаптарын бұзу оқиғасы әшкереленді. Соның ішінде бюджет қоржынынан 1,17 млрд. теңге тиісті мақсатта пайдаланылмаса, 2,14 млрд. теңге негізсіз, ал 3,23 млрд. теңге тиімсіз пайдаланылған. Республикалық бюджетке 470,7 млн. теңгенің салық және салық емес төлемдері қосымша аударылды. 418,9 млн. теңге өндіріп алынып, республикалық бюджетке кіріс есебінен қосылды. Бюджет заңнамасын бұзуға байланысты 14 дерек материалдары құқық қорғау мекемелеріне жіберілді.