Ресейлік «Поддубный» фильмінде түрік палуанын қазақ сомдады

Ресейлік режиссер Глеб Орловтың аталмыш фильмі Қырымда түсірілген. Туындының алғашқы көрсетілімін түсірушілер 2013 жылдың көктеміне белгілеуде. Өмірбаяндық картина әйгілі орыс палуаны туралы баяндайды. Басты рөлде РФ актері Михаил Пореченков ойнайды.

Г. Орлов қазақстандық актерді сынап көргеннен кейін, бірден түрік палуанының рөліне мақұлдаған.

«Маған Михаил Пореченковпен бір кинода ойнауға алғаш рет мүмкіндік беріліп отыр. Онымен бір алаңда түсу өте қызық. Иван Поддубныйдың рөліне оны бір жыл дайындапты. Оған салмақ қосу керек болған. Сол мақсатта оған арнайы диетолог пен бапкер берілген. Мен сол кездері атағы жер жарған түрік палуаны Қара Ахмет пашаны сомдап көрдім. Мені осы рөлге бекіткенде қатты таң қалдым және қуандым. Поддубныйдан бір бас биік палуан керек болды және мен бұл бейнеге сай келдім. Түсірілім барысында айтарлықтай қиындықтар болған емес, өйткені алаңда кей жерлерде дублерлар қатыстырылды. Михаилмен бірге жұмыс істейтінімді естігенде, мен оған арнайы сый ретінде нарды ойынын дайындадым. Түсірілімнен қолы қалт еткен кезде ол нарды ойнады», - дейді Д. Әбдіғаппаров.