Ресейлік зауыт мамандары KazSat-3 жер серігін Байқоңырға жөнелтуге әзірлеп жатыр

Бұл туралы «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ вице-президенті Бауыржан Құдабаев мәлім етті.

«Қазір орталықтың техникалық директоры бастаған мамандарымыз зауытта ғарыш аппаратын тексеру үстінде», - деді Б.Құдабаев сәрсенбі күні Астанада Қазақстандағы ғарыштық байланыс саласына 10 жыл толуына орайластырылған конференцияда.

Оның айтуынша, қазір ғарыш аппараты сынақтың негізгі түрлерінен өткізіліп болған. «KazSat-3» аппаратын Байқоңыр ғарыш айлағына жөнелтуге дайындық жүріп жатыр», - деді ол.


Отандық телекомуникациялық жер серігі сәуір айының соңында «Протон-М» зымыранымен ғарышқа аттануы тиіс.