Су электр станциясын салуды аяқтау туралы Ресеймен келісе алмаған Тәжікстан бұл станцияны өз бетімен аяқтауды жөн көрген. Тәжікстан президенті аталмыш нысанның құрылысын аяқтауға белсенді түрде қатысуға және өз үлестерін қосуға соңғы екі айда республика азаматтарын бірнеше мәрте шақырған болатын.
Алты агрегат орнатылатын Рогун су электр станциясының жоспарланып отырған қуаты 3,6 мың мегаватты құрайды. Құрылыс 1976 жылы басталған. Алайда, Кеңес Одағының күйреуімен бірге оның құрылысы да тоқтаған. Ал салынған бөгетті жойқын сел ағызып әкеткен. Жобаның жалпы құны 3,4 млрд АҚШ долларын құрап отыр.