Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Сөзім жоқ. Ресейлік БАҚ Рейхстагқа ту тіккендер туралы жалған ақпарат таратуда. Ту Кошкарбаев пен Булатов тарапынан тігілгені көптеген мұрағаттық құжаттармен және куәгерлердің айғақтарымен расталғанына қарамастан жалған жазуда", - деді журналист.
Рақымжан Қошқарбаев майдан даласына 1944 жылдың күзінде келіп кіреді. 150-атқыштар дивизиясында взвод командирі болып, Беларусь, Польша шайқастарында болады. Ал 1945 жылдың сәуір айында Берлин түбіндегі соғыстың ең сұрапыл шайқасына қатысады. Батальон командирі Рейхстагқа ту тігуге аттанатын алғашқы топты басқаруды Қошқарбаевқа жүктейді. Бұл өліммен тең тапсырма еді. Қарша борап тұрған оқ пен оттың ортасынан еңбектеп өткен екеу 300 метр жерде тұрған Рейхстагқа 7 сағат бойы жүріп барады. Ғимараттың қабырғасына Қызыл жалауды тігеді. Екеудің ерлігін сол күннің ертеңіне-ақ майдан газеттері жарыса жазып жатты. Бірақ пендешілікпен әділдіктен аттап кеткендер де болды. Сол кездегі солақай саясатқа байланысты «Жеңіс туын» тігу мәртебесі тек орыс және грузин ұлтына тиесілі болу керек еді. Сондықтан соғыстың қанды қырғыны бәсеңдеген сәтте Егоров пен Кантария Жеңіс туын ресми түрде Рейхстагтың төбесіне апарып қадады делінген.
2021 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми парақшасында Рейхстагқа бірінші боп жеткен Қошқарбаев пен Булатов екені жарияланды. Онда қос сарбаздың қолдан тігілген қызыл жалауды ғимараттың бас кіреберісіне ілгені туралы жазылған. Бұл тарихи шындыққа бір табан болса да, жақындауды білдірсе керек.