Яғни мемлекеттік қолдауға өтініш берген отбасының жағдайы Цифрлық отбасы картасындағы мәліметтер арқылы бағаланады. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді, сарапшылардың болжамы қандай? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Жаңа тәсілдің мақсаты түсінікті: бюджет қаржысы бірінші кезекте шын мәнінде көмекке мұқтаж отбасыларға жетуі керек. Алайда жаңа тәсілдің қоғамға әсері тек жәрдемақы алатындармен шектелмейді. Ресми жұмыс істеп, салық төлейтін азаматтардың жағдайы қалай бағаланады? Ал табысы орташа қалалық отбасылар үшін бала тууға байланысты мемлекеттік төлемдердің өзгеруі қандай салдарға әкелуі мүмкін?
Ресми табыс адамның өзіне қарсы жұмыс істемеуі керек
Экономист әлеуметтік көмекті атаулы ету қажет екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, мемлекет барлық азаматқа бірдей қолдау көрсетпей, оны нақты мұқтаж адамдарға бағыттауға ұмтылғаны дұрыс. Бірақ осы жерде ресми жұмыс істейтін азаматтардың жағдайына қатысты мәселе туындайды.
Мысалы, екі отбасының нақты тұрмыс деңгейі шамалас болсын. Бірінші отбасында ерлі-зайыптылардың екеуі де ресми жұмыс істейді, жалақысын толық көрсетеді, салық пен әлеуметтік аударымдарын төлейді. Олардың ипотекасы мен автокөлігі бар. Ал екінші отбасының табысының бір бөлігі ресми тіркелмеген. Цифрлық жүйе қай отбасын ауқаттырақ деп бағалауы мүмкін?
Осы жерде экономист жаңа жүйенің ықтимал қайшылығына назар аударады. Адам табысын қаншалықты ашық көрсетсе, оның мемлекет алдындағы қаржылық жағдайы соншалықты жоғары болып көрінеді. Ал бұл, өз кезегінде, белгілі бір әлеуметтік қолдауға құқығына әсер етуі мүмкін.
Қанат Оспановтың пікірінше, мұндай жағдай азаматтың санасында «табысыңды неғұрлым көп көрсетсең, соғұрлым өзіңе тиімсіз» деген түсінік қалыптастыруы ықтимал.
«Адам жылдар бойы ресми жұмыс істеп, салық төлейді. Бірақ өзі қиын жағдайға тап болғанда, оның ресми табысы әлеуметтік көмек алуға кедергі болуы мүмкін. Сонда азамат “Мен мемлекетке не беріп жатырмын және қажет болған кезде мемлекет маған не береді?” деген сұрақ қоя бастайды», – дейді экономист.
Экономист мұның тағы бір тұсына тоқталып өтті. Мемлекет азаматтарды табысын жасырмай, ресми жұмыс істеуге және салық төлеуге ынталандырып келеді. Ал егер ресми табыстың жоғары болуы әлеуметтік қолдаудан айырылуға әкелсе, кей адамдардың керісінше табысын толық көрсетпеуге ұмтылуы мүмкін.
Себебі мұндай байланыс байқалса, мемлекет бірнеше жылдан бері жүргізіп келе жатқан табысты көлеңкеден шығару және ресми жұмыспен қамтуды арттыру саясатына кері ықпал етуі мүмкін.
Әлеуметтік төлемдер бала туу туралы шешімге әсер ете ме?
Инженер-химик, зерттеуші Әсия Ермұхамбетова Қазақстандағы демографиялық жағдайға әлеуметтік төлемдердің ықтимал әсеріне назар аударады.
Оның айтуынша, Қазақстанда әйелдердің білім деңгейі жоғары болғанына қарамастан, ұзақ уақыт бойы туу көрсеткіші салыстырмалы түрде жоғары сақталды. Зерттеуші бұған бала туу және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер де әсер еткен болуы мүмкін деп есептейді.
Мұндай төлемдердің маңызы әсіресе жұмыс істейтін әйелдер үшін басқа қырынан көрінеді. Бала туғаннан кейін отбасының шығыны көбейеді, ал ана белгілі бір уақытқа еңбек нарығынан кетеді. Демек, декрет кезеңі тек әлеуметтік емес, экономикалық тұрғыдан да отбасы үшін маңызды кезең. Егер мемлекеттік төлемдер отбасының табысына қарай қысқарса немесе берілмесе, орташа табысы бар қалалық отбасылардың жағдайы қалай өзгереді?
Ермұхамбетова Алматы мен Астана сияқты ірі қалалардағы өмір сүру құнына назар аударады. Мұнда тұрғын үй, тамақ, медицина, балабақша және білім беру шығындары отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Сондықтан сарапшы жаңа жүйе кейбір отбасылар үшін бала туу туралы шешімді қаржылық тұрғыдан күрделендіруі мүмкін деген сұрақ қояды.
«Егер қалада тұратын орта тап өкілі әлеуметтік төлемдерден айырылатын болса, отбасы үшін бала туу және отбасын жоспарлау үлкен қаржылық қиындыққа айналмайды ма?», - деген орынды сұрақты көтереді сарапшы.
Оның пайымынша, декреттегі қаржылық қолдаудың азаюы кей әйелдерді жұмысқа ертерек оралуға итермелеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде бала күтіміне, соның ішінде емізу кезеңіне әсер етуі ықтимал.
Алайда мұндай салдарларды бүгіннен нақты нәтиже деп айтуға негіз жоқ. Бұл зерттеуші көтеріп отырған ықтимал тәуекелдер. Олардың шын мәнінде қаншалықты әсер ететінін жаңа жүйе іске қосылғаннан кейінгі статистика мен зерттеулер көрсетуі тиіс.
Мәселе тек жәрдемақыда емес
Сарапшылар мәселеге әртүрлі қырынан баға берді, десе де екеуінің сөзінен ортақ бір сұрақ туындайды.
Мемлекет әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж адамдарға бағыттай отырып, ресми жұмыс істейтін азаматтарды да, бала тәрбиелеп отырған отбасыларды да ынталандыратын жүйені қалай құра алады?
Әлеуметтік көмектің атаулы болғаны маңызды. Бірақ отбасының жағдайын тек ресми табысымен өлшеу де жеткіліксіз болуы мүмкін. Отбасының қанша баласы бар, тұрғын үйге қанша шығын жұмсайды, ипотекалық міндеттемесі бар ма, басқа да тұрақты шығындары қандай – мұның бәрі оның нақты тұрмыс деңгейіне әсер етеді.
Сондықтан жаңа жүйенің басты өлшемі тек бюджет қаражатын үнемдеу емес, оның азаматтардың еңбек етуіне, табысын ашық көрсетуіне және отбасын жоспарлауына қандай ықпал ететіні болуы керек. Өйткені әлеуметтік саясат тек бүгінгі шығынды есептеу емес. Оның азаматтың ертеңгі шешіміне де әсері бар.
Ресми жұмыс істеу мен салық төлеу азамат үшін міндет қана емес, мемлекетпен арадағы әлеуметтік келісімнің бір бөлігі. Ал бала туу мен оны тәрбиелеу де жеке отбасының ғана емес, елдің демографиялық болашағына қатысты мәселе.