Республика алаңының астындағы құрылыс жобасы жердің бетіне шығарылады

Ақпарат көзінің хабарлауынша, "Базис А" корпорациясы Алматы қалалық әкімшілігіне алаңды жауып, тікелей алаңда шұңқыр қаза бастауды сұрады. "Олар шұңқырды бүкіл алаңда жаппай қазбақшы, тек ортасында тұрған Тәуелсіздік монументін ғана айналып өтеді", - деді ақпарат көзі.

Еске сала кетейік, "Алмалы" сауда орталығының кеңінен жарнамаланған құрылысын бастар алдында "Базис А" компаниясы алаңның өзінде қозғалыс тоқтатылмайды деп кепілдік берген. Сонымен бірге, жобада алаңның аумағын бұзу қарастырылмаған болатын.

Ақпраат көзінің хабарлауынша, корпорацияның жоспарды өзгертуге алаңдағы асфальт төсемге ақау келуіне қатысты кездейсоқ оқиға әсер еткен.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Республика алаңының астында салынып жатқан "Алмалы" көп функциялық орталығы алаңның бүкіл ұзына бойында сызаттардың пайда болуына алып келді. Осыған байланысты сенбі күні оқиға орнында құрамында әкімшілік, "Базис-А" корпорациясы, төтенше жағдайлар департаменті, жоба жасаушылар, мамандар мен қалалық ІІД өкілдері кірген комиссия жұмыс істеп, көлік қозғалысын тоқтатты. Комиссия мүшелері оқиға орнында асфальтты төсемді нығайту жұмыстарының техникалық қырларын талқылады.

Бұл сызаттар бірнеше күн бұрын пайда болса да, бұнымен неліктен енді ғана айналыса бастады деген сұраққа комиссия мүшелерінің бірі: "сызаттар ұлғайып бара жатыр. Сондықтан асфальтты нығайту жөнінде шешім қабылданды", - деп жауап берді.

Жексенбі күні алаңда асфальтты нығайту жұмыстары басталды. "Жер астына ұзындығы 2 метрден асатын металл темірлер енгізіліп, олар бетонмен бекітіледі", -деді жұмыстың бірінші кезеңін жүзеге асырып жатқан жұмысшылар. Олардың айтуынша, әзірге мұндай темірлер жүз метрге тартылды.

Құрылысшы мамандардың пікірінше, бұл шаралар "асфальтты нығайту арқылы қоғамдық пікірді тыныштандыру мақсаты көзделіп отыр. Сонымен бірге бұл одан әрі шұңқыр қазу жоспарымен қабыспай отыр".

Мамандардың пайымдауынша, егер корпорацияға алаңды жауып, құрылысты жер үстінде жүргізуге мүмкіндік берілсе, бұл компанияға қаржы үнемдеуге және құрылыс құнын арзандатуға мүмкіндік бермек.

Бұған қоса мамандардың пікірінше, егер құрылыстың тек бірінші кещеңі ғана осындай "күрделі зардаптарға алып келсе, ендлігі жерде алаңның аумағында жаппай шұңқыр қазу алаңдағы сәулет ансамблін құрап тұрған ғимараттардың кешеніне қатер төндіруі ықтимал".

Бұрын хабарлағанымыздай, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен "Базис А" құрылыс компаниясының президенті Александр Белович бірге мәлімдеген жобада Республика алаңының астынан "Алмалы" ойын-сауық орталығын салу көзделген.

Қоғамдық орталық Фурманов көшесінен Желтоқсан даңғылына дейін Сәтпаев көшесінің бойында орналасады. Аумағы шамамен 100 мың шаршы метрді құрайды. Үш деңгейлі кешеннің тереңдігі - 14-20 метр. Жер асты орталығында кинотеатрлар, балалар алаңы мен аттракциондар, бильярд клубы мен боулинг орталығы, мейрамханалар мен кафелер желісі, дүкендер, бутиктер, мұз айдыны, интернет-кафе, түнгі би клубтары орналасады. Жер астында шамамен 1000 көлік қоятын 3 деңгейлі жер асты паркингін құру жоспарланған, деп көрсетілген компанияның баспасөз баянында.

"Базис А" корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы А. Беловичтің пайымдауынша, құрылыс топырақ пен құрылыс материалдарының айтарлықтай мөлшерін және көлік пен өзге де ауыр техниканың қозғалыс салмағын көтере алады.

Естеріңізге сала кетсек, алаң астынан орталық салуға Қазақстанның ұлттық-демократиялық күштерініңі өкілдері қарсы болған еді. Олар бұл құрылыс алаңның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты тарихи рөліне сай емес деген болатын. "Бұл тек пайда қуу ғана емес, Желтоқсан оқиғасы туралы жәдігерді жою ниеті болып табылады", - деп мәлімдеген еді өткен жылдың қаңтар айында қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлин.

Ал Алматы қаласының әкімі И. Тасмағанбетов "Алмалы" орталығын салуды қолдады. "Республика алаңының астынан көп функциялық кешеннің салынуына келер болсақ, мен бірқатар алматылықтардың бұл құрылыстың жөнсіз салынуы жайындағы пікірлерімен таныспын. Мен бұл оймен мүлде келіспеймін. Себебі - алаң дегеніміз мазар немесе мұражай емес, ол өзінің белгілі бір функциясын атқарады", - деген И. Тасмағамбетов. "Біз алаңдар тек ресми қызмет қана атқаратын, яғни, әскери парадтар өткізілетін кеңестік жүйеден бас тартқымыз келеді. Алаң осыдан басқа қызмет атқармаған. Адамдар ол алаңдарды айналып өтуге тырысатын. Себебі, ол алаң биліктің алаңы еді", - деп толықтырған болатын қала әкімі.

Сонымен бірге, бұрын хабарлағанымыздай, сәулет және құрылыс саласындағы сарапшылар Алматыда жүргізіліп жатқан құрылыстардың сейсмикалық нормаларға сай келмейтіндігін талай рет көрсетіп, қала орналасқан 10 балл жер сілкініс қаупі бар аумақта жөнсіз құрылыс салудың болуы мүмкін салдары жөнінде бірнеше мәрте ескерткен еді.

Ал сейсмологтардың мәліметінше, кейінгі уақытта Алматыда қуатты жер асты дүмпулері тіркелген жоқ.