Аталмыш шараға барлық этно-мәдени бірлестіктеріндегі қазақ халқының ұлттық өнерін жетік меңгерген әртүрлі ұлт өкілдері қатысты.
Фестиваль барысында Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық филармониясының директоры Ақан Абдулиев фестиваль туралы өз ойымен, мақсатымен бөлісті.
«Бүгін филармониямызда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Өнеріміз саған - Қазақстан» республикалық фестивалінің концерті өтті.
Фестивальдің мақсаты - қазақ халқының өнері мен мәдениетін елімізде тұратын этностық топтар арасында жан-жақты насихаттап, қазақстандық патриотизм мен оның көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту болып табылады. 2022 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі жоба биыл үшінші рет филармония сахнасында өткізіліп отыр. Фестивальдің ерекшелігі - Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері бір сахнада өнер көрсететін , бірегей жоба. Бүгінгі кештің «Өнеріміз саған Қазақстан» деп аталуының да мәнісі, татулық пен бірліктің туын биік ұстап, қиын қыстау кезеңдерде бауырға баса білген қазақ халқына айтылған алғысы іспетті. Фестивальдің бұл сахнасы бейбітшілік пен ынтымақтың, тыныштық пен татулықтың ұясы болған Қазақстанның бір көрінісі сияқты. Себебі, фестивальдың Гала концертіне қатысушы барлық этно-мәдени орталықтарының өнерпаздары қазақ ән мен күйін, биін орындады. Ал, фестивальдің биылғы жылғы ерекшелігі - қатысушылар Туған жер, Атамекен, Отан сынды елге, жерге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімге толы әндерді шырқады. Еліміз үшін маңызды болып табылатын ұлық мереке Республика күні құтты болсын! Қара шаңырақта әлі де мұндай жас өрендерге өнер жолына қолдау берер жоба жалғасын табатын болады», - деді Ақан Абдулиев.
Концертте алдын ала бекітілген фестивальді ұйымдастыру комитетінің шешімімен іріктеуден өткен 21 қатысушы өнер көрсетті. Олардың қатарында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Игорь Блогадарный, Ольга Векерле , Калмыков Беджа, Ариса Хашимито өнер көрсетті.
Кеш бағдарламасы қазақ дәстүрлі өнеріндегі «Дедімай-ау», «Дударай» әндерімен басталып, «Туған жер», «Атамекен», «Отан ана» сынды елге, жерге деген сүйіспеншілік пен патриоттықты сипаттайтын әндерді шырқады. Фестивальдің бұл сахнасы бейбітшілік пен ынтымақтың, татулық пен тыныштықтың ұясы болған Қазақстанның көрінісін көрсетті.