Республика парламенті "Құнды қағаздар туралы" заңға енгізілген түзетулерді мақұлдады

Сөйтіп заң қабылданды деп танылып, мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасы бағалы қағаздар рыногын одан әрі дамыту үшін жасалған. Құжатта инфрақұрылымдық облигациялар деген жаңа ұғым енгізіліп, оның шығарылымын мемлекеттік тіркеу тәртібі айқындалып, бағалы қағазды шығару, биржада сату, оның айналымы мен өтеу барысында туындайтын қарым-қатынастар реттеледі.
Сенаторлар тарапынан енгізілген түзетулер заң жобасын заңгерлік техника талаптарымен сәйкестендіруге бағытталған. Палата отырысында мәжіліс депутаты Шаймерден Оразалиновтың атап көрсеткеніндей, сенаторлардың түзетулері "заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпей-ақ мәтінін жетілдіре түседі".